ШҰБАРСУДА 600 ОРЫНДЫҚ «ПАРАСАТ» МЕКТЕБІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

ШҰБАРСУДА 600 ОРЫНДЫҚ «ПАРАСАТ» МЕКТЕБІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
Бүгін ауданға қарасты Шұбарсу елді мекенінде жаңа үлгідегі 600 орындық «Парасат» жалпы білім беретін мектебінің ашылу салтанаты өтті. Маңызды әлеуметтік нысанның ашылуына өңір басшылығы, аудан басшылары, облыстық және аудандық мәслихаттың дерутаттары, ардагерлер, ұстаздар мен ауыл тұрғындары қатысты.
Ашылу салтанатында алғашқы құттықтау сөз Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаевқа берілді. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім саласын дамытуға қатысты стратегиялық ұстанымына тоқталып, жаңа мектеп – жас ұрпақтың болашағына жасалған нақты инвестиция екенін атап өтті.
Келесі кезекте Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев сөз сөйлеп, аудан мен облыста білім беру инфрақұрылымын дамытуға айрықша көңіл бөлініп келе жатқанын атап өтті. Жаңа мектептің ауыл балалары үшін үлкен мүмкіндік екенін айтып, ұжымға сәттілік тіледі.
Сонымен қатар, ауылдың ардагері, ауданның құрметті азаматы Қалдыбек Сүлейменов ақ батасын беріп, жаңа білім ордасының ел игілігіне қызмет етуіне тілектестік білдірді.
Шұбарсу ауылы облыс көлеміндегі халқы көп шоғырланған елді мекеннің бірі. Бүгінгі күнге елді мекенде 50 мың аса халық болса, 15 мектепте 12 мыңнан аса оқушы білім алады. Сондықтан да мұндағы әрбір игі бастама ел рухын көтеріп, жас ұрпаққа тағылым берері анық,
Аталған мектеп 2 млрд 723 млн теңгеден астам қаржыға салынған. Мектеп құрылысы 2023 жылы басталып, биыл толық аяқталып, пайдалануға берілді. Жалпы аумағы 2,6 гектарды алып жатқан мектептің ауданы – 4259,26 шаршы метр. Үш қабатты оқу ордасында асхана, оқу залы бар кітапхана, спорт және акт залдары, медициналық пункт, сондай-ақ заманауи жабдықталған сыныптар қарастырылған. Жаңа мектепте заманауи жабдықталған сыныптарда сапалы білім алуға және ұстаздар үшін еңбек етуге барлық жағдай жасалған. Мектепте 70-ке жуық адам жұмыспен қамтылады.
Шара барысында қонақтар бастауыш сынып бөлмелерімен, мультимедиялық сынып, асхана, шеберхана, кітапхана мен спорт залын аралап, мектептің материалдық-техникалық базасымен танысты. Мектеп ауыл балаларының сапалы білім алуына, шығармашылық қабілеттерін дамытуға және зияткер ұрпақ қалыптастыруға зор үлес қосады деп күтілуде.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі