Бүгін аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты «Шапағат» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында Жаңа жыл мерекесіне орай мүгедектігі бар азаматтар мен үйде күтім алатын балаларға арналған тағылымды мерекелік іс-шара өтті.
Іс-шара Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ардақ Талдыбаевтың бастамасымен, сондай-ақ «Балаларға үйде әлеуметтік қызмет көрсету» бөлімшесі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өткізілді.
Мерекелік жиынға аудан әкімі Азат Оралбаев, қоғамдық кеңестің төрағасы, Әкелер мектебінің төрағасы, сондай-ақ аудандық әлеуметтік сала басшылары арнайы қатысып, орталықтың қызмет алушыларын Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген аудан әкімі Азат Оралбаев ерекше күтімді қажет ететін азаматтарға қамқорлық көрсету – мемлекеттік саясаттың және жергілікті биліктің басты бағыттарының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ, барша қатысушыларға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларына амандық тілеп, қоғамда мейірім мен жанашырлықтың маңызы зор екенін жеткізді.
Өз кезегінде қоғамдық кеңестің төрағасы жиналған қауымды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, жаңа жылдың жақсылық пен жаңалыққа толы болуына тілектестік білдірді.
Іс-шара барысында қатысушыларға арнап мазмұнды концерттік бағдарлама ұсынылып, түрлі ойындар ұйымдастырылды. Ән-күй мен би қойылымдары мерекелік көңіл-күй сыйлап, қатысушылардың жүзінен қуаныш байқалды. Сонымен қатар үйде күтім алатын балаларға демеушілік жасаған жомарт жандардың қолдауымен «Бөрте» сүт өнімдері және өзге де сыйлықтар табысталды.
Мерекелік шара қамқорлық пен жылылыққа толы атмосферада өтіп, қызмет алушылар тарапынан ұйымдастырушылар мен демеушілерге шынайы ризашылық білдірілді.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі