Бүгін аудандық Мәдениет үйінің жанынан құрылған «Темірлан» халық театрының жетекшісі, режиссер Перизат Баймаханова Түркістан облысы бойынша «жылдың үздік режиссері» атағын иеленіп, марапатталды.
Темірлан халық театрын биік деңгейге көтерген Перизат Баймаханова 1993 жылдан бері Ордабасы аудандық мәдениет үйінде қызмет етіп келеді. Ол 2001 жылдан бастап театрға жетекшілік жасайды. Әр жылы бір комедиялық және бір трагедиялық қойылым қоюды дәстүрге айналдырып, театрдың тұрақты шығармашылық тынысын қалыптастырған тәжірибелі режиссер. О. Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлері байқауының жүлдегері, облыс әкімі стипендиясының иегері. Сондай-ақ республикалық деңгейдегі бірнеше байқаулардың лауреаты атанған.
Мәдениет саласына сіңірген еңбегі үшін «Жылдың үздік мәдениет қызметкері», «Ауданға сіңірген еңбегі үшін», «Мәдениет саласының үздігі», ҚР Тәуелсіздігінің «30 жылдығы» медалі секілді марапаттармен мойындалған. 2024 жылы Ордабасы ауданының 60 жылдығына орай оған қайтадан «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» мерекелік медалі табысталды.
Перизат Баймаханованы биылғы «Жылдың үздік режиссеры» атағын иеленуімен құттықтаймыз.
Аталған марапат – Сіздің мәдениет және театр саласындағы кәсіби қызметіңіздің, шығармашылық еңбегіңіздің жоғары деңгейде бағаланғанының дәлелі.
Алдағы уақытта да шығармашылық табыс, жаңа жетістіктер және толағай жеңістер тілейміз.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі