ЖАҢА ЖЫЛДЫҚ ШЫРША БАЛАЛАРҒА ҚУАНЫШ СЫЙЛАДЫ

ЖАҢА ЖЫЛДЫҚ ШЫРША БАЛАЛАРҒА ҚУАНЫШ СЫЙЛАДЫ
Жаңа жыл – әр баланың жыл бойы асыға күтетін басты мерекесі. Балдырғандарды сиқырлы ертегілер әлеміне жетелейтін бұл күн биыл да аудан бүлдіршіндерін ерекше күйге бөлеп, жылдағы дәстүрге сай аталып өтті.
Арнайы ұйымдастырылған аудан әкімінің Жаңа жылдық шыршасына ауданымыздың білім беру мекемелерінің оқушылары, балабақшалардың бүлдіршіндерін қамтыған 100 бала қатысты.
Мерекелік шара басталғанда ертегі кейіпкерлері қонақтарды сырттан арнайы безендірілген ертегілер әлеміне алып кірді.
Балақайлардың ерекше қойылымына куә болған аудан басшысы Азат Оралбаев, аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков пен құрметті қонақтар сөз алып, балаларды шырша тойымен құттықтады.
«Қымбатты балалар, баршаңызды ең ғажайып мерекелердің бірі - Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Жаңа жыл, ең алдымен, балаларға қуаныш сыйлайтын ғажайыпқа толы мереке. Сіздердің жан-жақты дамыған білімді, парасатты, тұлға ретінде қалыптасып, жетілулеріңіз үшін барлық мүмкіндіктер жасалуда. Ауданымыздың білім беру мекемелерінде де балаларға арналған қосымша үйірмелер ашылып, заман талабына сай жан-жақты дамуына барынша жағдай жасалуда», деп ақжарма лебізін жеткізген аудан әкімі шырша шамын жақты.
Салтанатты шарада барша қатысушылар жайдары көңіл-күймен өз өнерлерін ортаға салды. Жаңа жылдың басты сәні - жасыл шыршаны айналған балалар шаттық пен қуанышқа бөленіп, арнайы мерекелік бағдарламаны тамашалады. Ортаға Аяз ата мен Ақшақар еніп, түрлі кейіпкерлерімен театрландырылған қойылымдар көрсетіліп, балалар аудандық білім беру мекемелерінің өнер үйірмелері әзірлеген концерттік бағдарламаны қызықтады. Ескі жылды ризашылықпен шығарып салған балақайлар жылқы жылын ыстық ықыласпен қарсы алды.
Бұл думан балалар көңіліне ұмытылмастай әсер қалдырды.
Мерекелік шарада аудан әкімі Азат Оралбаев балаларға арнайы сыйлықтар үлестірді.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі