🏛️ОРДАБАСЫ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ КЕЗЕКТІ 40-СЕССИЯСЫ ӨТТІ

🏛️ОРДАБАСЫ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ КЕЗЕКТІ 40-СЕССИЯСЫ ӨТТІ
Ордабасы аудандық мәслихатының сегізінші шақырылымындағы кезекті 40-сессиясы өтті.
Сессия жұмысына аудан әкімі Азат Оралбаев, аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, ауыл округтерінің әкімдері, мәслихат депутаттары қатысты.
Сессияны Ордабасы аудандық мәслихатының төрағасы Бақдәулет Жұмабеков төрағалық етіп, ашып, жүргізіп отырды.
Күн тәртібіне ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, бюджеттік жоспарлауға, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған барлығы он екі маңызды мәселе енгізіліп, жан-жақты қаралды.
Атап айтқанда, 2026–2028 жылдарға арналған аудандық бюджет жобасы және Ордабасы ауданының 2026–2030 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму жоспары талқыланды. Бұл мәселелер бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Алтынай Сихымбаева баяндама жасап, жоспарланған көрсеткіштер мен негізгі бағыттарға тоқталды.
Сонымен қатар, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің атқарған жұмыстары туралы есептері тыңдалды. Баяндамаларда кәсіпкерлікті дамыту, инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары кеңінен қамтылды.
Сессия барысында Төрткүл, Шұбар және Шұбарсу ауыл округтері әкімдерінің есептері қаралып, округтердегі инфрақұрылым, әлеуметтік мәселелер, атқарылған және алдағы жоспарланған жұмыстар бойынша мәліметтер ұсынылды.
Сондай-ақ, аудандық мәслихат төрағасының атқарған жұмысы, мәслихаттың тұрақты комиссияларының қызметі, 2026 жылға арналған жұмыс жоспары мен мәслихат және оның аппаратының қызметін қамтамасыз ету шығындарының сметасы талқыланды.
Күн тәртібіндегі соңғы мәселе бойынша округтік және учаскелік сайлау комиссияларының шығып қалған мүшелерінің орнына жаңа мүшелерді сайлау туралы шешім қабылданды.
Сессия барысында депутаттар күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты сауалдар қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Талқылау қорытындысы бойынша тиісті шешімдер қабылданып, бірқатар нақты тапсырмалар берілді.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі