Бүгін аудан орталығы Темірлан ауылында «Зияткер ұрпақ – ұлт мақтанышы» атты шахмат ойындарының 6-шы дәстүрлі сайысы өткізілді.
Іс-шараның ашылу рәсіміне аудан әкімі Азат Оралбаев қатысып, турнирге қатысушыларға сәттілік тілеп, жобаны ұйымдастыруға үлес қосқан азаматтарға ризашылығын жеткізді. Аудан басшысы «Интеллектуалды ұлт» жалпыұлттық жобасы аясында аталған сайыс жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқанын атап өтті.
Бүгінде білім ұяларында шахмат үйірмелері ашылып, жасөспірімдердің логикалық ойлау қабілетін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Үйірмеде дайындалған оқушылар түрлі деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Шахмат – баланың ой-өрісін кеңейтетін, шешім қабылдау, талдау және сабыр сақтау дағдыларын қалыптастыратын интеллектуалдық ойын.
Ауданымызда жобаны іске асыру 2020 жылы басталып, 2021 жылы арнайы аудандық балаларға арналған «Шахмат» үйірмесі ашылды. Әр жастағы оқушылар өз қалауына сәйкес осы үйірмеде шахматтың теориялық және практикалық негіздерін меңгеріп келеді.
Аудан әкімі өз құттықтауында:
«Өскелең ұрпақты интеллектуалды ортаға баулитын бұл жоба – өміршең бастама. Жобаны қолға алған және жүзеге асырып келе жатқан азаматтарға алғыс айтамын», – деп атап өтті.
Жарыстың ашылуында «Intellectualdy ult» жалпыұлттық жобасының авторы әрі «Шахмат әліппесі» кітабының құрастырушысы Балтабек Түйетаев турнирдің өткізілу тәртібін түсіндіріп, жобаға қолдау көрсеткен аудан басшылығына алғысын білдірді.
Ересектер мен жасөспірімдер санаттары бойынша ұйымдастырылған шахмат сайысына аудан тұрғындары мен барлық мектептердің шахматқа қызығушылық танытқан жас өрендері қатысуда.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі