Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев Қараспан және Қажымұқан ауыл округтерінің тұрғындарымен кезекті есепті кездесуін өткізді. Жиын барысында ауданның 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері таныстырылып, ауылдық округтерде атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жан-жақты баяндалды.
Биылғы жылға Қараспан ауыл округінің бюджеті 135,9 млн теңгені, ал өзіндік кірістері 28,7 млн теңгені құрады. Жыл басынан бері тұрғындар тарапынан көтерілген 13 мәселенің 8-і шешімін тапты, қалғаны бақылауда тұр.
Ауыл округіндегі суармалы егістік көлемі 4200 гектарды құрайды. Бұл аумақты қамтамасыз ететін 21 канал жұмыс істейді. Бірнеше жылдан бері өзекті мәселе саналған «Қараспан» магистраль каналының 24 шақырымында жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары 98 пайызға орындалды. Сонымен қатар, су жеткізу тиімділігін арттыру мақсатында 14 каналдың 53 шақырымы механикалық тазартудан өтті.
Президент тапсырмасына сәйкес ағын суды үнемдейтін жаңа технологияларды енгізу жалғасуда. Биыл ауданда жоспарланған 1691 гектардың орнына 1721 гектарға жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелері орнатылды. Оның ішінде Қараспаннан 205 гектар аумаққа тамшылатып суару технологиясы енгізілді.
Инвестициялық жобалар бойынша жыл басында қойылған міндет — 1,5 млрд теңге көлемінде инвестиция тарту, оның 1,3 млрд теңгесі 9 айда игерілді.

Ауылдың базалық инфрақұрылымын жақсарту бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылды:

4 елді мекенде газдандыру құрылысы жүргізілуде. Желтоқсан айында пайдалануға беру жоспарланған.

Жеке инвестор есебінен салынған фельдшерлік-акушерлік пункт желтоқсанда пайдалануға берілмек.

Көлтоған ауылындағы Маметова көшесіне жарықтандыру құралдары орнатылды.

Жол инфрақұрылымын дамыту бойынша:

Қонысов және Бекмұратов көшелерінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Мақташы және Сарыарық ауылдарындағы көшелерге орташа жөндеу жұмыстарының мемлекеттік сатып алу рәсімдері атқарылуда.

Төреарық ауылындағы аяқжол құрылысы 2026 жылға өтпелі.
Қажымұқан ауыл округінің биылғы бюджеті 371,4 млн теңгені, өзіндік кірістері 132,3 млн теңгені құрады. Жыл басынан көтерілген екі мәселенің бірі — Самал шағын ауданындағы екі қабатты үйлердің жылу жүйесіне қатысты мәселе-шешімі табылған.
Екінші мәселе — Самал-3 шағын ауданындағы газ жүйесін ретке келтіру — аяқталу сатысында. Қазіргі таңда 7 көшеде демеушілер есебінен газ құбырларын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде, сондай-ақ 63 кВА трансформатор орнату қараша айында толық аяқталады.
3314 гектар суармалы жерді қамтамасыз ететін 11 канал бар. 2022–2024 жылдары «Қазсушар» РМК балансына тиесілі 3 каналға қатысты жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалған. Бүгінгі таңда Найман каналындағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде және жыл соңына дейін толық аяқталады деп жоспарлануда.
Одан бөлек, аталған ауыл округінде өндірістік әлеуетті арттыру бойынша ауқымды жобалар іске асырылуда. 2025 жылдан бастап екі кәсіпорынды іске қосу жоспарланған:

«Қазгарден» агроөнеркәсіп кешені (Темірлан) — 400 млн теңге. Құрылысы аяқталуға жақын, құрал-жабдықтар жеткізілді.

ЖК «Мейірмашев Э» (Ынталы ауылы) — 200 млн теңге. Құрылыс толық аяқталып, жабдық орнату жұмыстары жүріп жатыр.
Кездесу барысында тұрғындар тарапынан жол жөндеу, ағын су мәселесі, балалар ойын алаңшаларын орнату және көше абаттандыру мәселелері көтерілді. Сонымен қатар жеке қабылдауда жер, тұрғын үй және мал суаты бойынша сұрақтар қаралды.
Аудан әкімі барлық бағыттар бойынша ауылдық округ әкімдері мен тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Жиын соңында Азат Оралбаев қоғамдағы ортақ жауапкершіліктің маңыздылығына тоқталып, ауылдарды көгалдандыру, тазалық сақтау және ортақ іске белсенді қатысу — әрбір тұрғынның азаматтық міндеті екенін атап өтті.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі