ТҮРКІСТАНДА ӨТІП ЖАТҚАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФОРУМДА ОРДАБАСЫ АУДАНЫНЫҢ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ МҮМКІНДІКТЕРІ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

ТҮРКІСТАНДА ӨТІП ЖАТҚАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФОРУМДА ОРДАБАСЫ АУДАНЫНЫҢ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ МҮМКІНДІКТЕРІ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
Бүгін Түркістан қаласында ұйымдастырылған «Turkistan Investment and Tourism Forum – 2025» халықаралық инвестициялық форумына Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев пен аудан кәсіпкерлерінен құралған делегация қатысты.
Ауқымды іс-шараға шетелден 300-ге жуық компания өкілдері келіп, өңірлердің инвестициялық, туристік және өндірістік әлеуетімен танысты.
Форум аясында облысымыздың агроөнеркәсіп, индустрия, туризм және қолөнер бағытындағы жобаларынан көрме ұйымдастырылды. Қатысушылар ауыл шаруашылығы өнімдері, жаңа өндірістік желілер мен өңірлік даму бастамалары туралы тың ақпарат алды.
Форум барысында аудан әкімі Азат Оралбаев шетелдік компаниялармен бірқатар екіжақты кездесулер өткізіп, ауданның экономикалық және инфрақұрылымдық мүмкіндіктерін жан-жақты таныстырды. Әкім өңірдің өндіріс, ауыл шаруашылығы, логистика және шағын өнеркәсіпті дамытуға қолайлы жағдайлар жасалғанын атап өтті.
Бірқатар шетелдік компаниялар ауданмен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытып, алдын ала келісімдер жасалды. Ауданның агроөнеркәсіптік әлеуеті кеңінен таныстырылып, ауыл шаруашылығы саласындағы басым бағыттар — мал шаруашылығын дамыту, өнімдерді экспортқа шығару, суару жүйелерін жаңғырту және озық агротехнологияларды енгізу бойынша бірқатар жобалар ұсынылды.
Инвесторлар назарына төмендегі өндірістік және аграрлық жобалар ұсынылды:
➖Пестицидтерді сату бағыты (жылдық айналымы 110 млн юань);
➖«JIAN LIXIN» брендімен сұйық және суға еритін тыңайтқыш өндіру желісі;
➖«Zhuoqun» брендімен жылдық қуаттылығы 4500 тонна тыңайтқыш өндіретін зауыт;
➖Жылына 3000 тонна өнім өндіретін мульча қабықшасы зауыты;
➖Тұқым, тыңайтқыш, пестицид және ауыл шаруашылығы техникасын сататын кәсіби кооператив.
Аталған бастамалар Ордабасы ауданының агроөнеркәсіптік әлеуетін арттырып қана қоймай, шетелдік инвесторлармен өзара тиімді серіктестік орнатуға жаңа мүмкіндіктер ашады деп күтілуде.
Халықаралық форум нәтижесінде ауданға жаңа серіктестер тарту, инвестициялық жобаларды іске асыру және өңір экономикасын дамыту бағытында нақты қадамдар жасалды.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі