Қаржы жүйесінің дамуына қосқан үлесі зор қызметкерлерді құттықтау және олардың еңбегін құрметтеу мақсатында аудан әкімдігінде бүгін Теңге күні мен Қаржыгерлер кәсіби мерекесіне арналған жиын өтті.
Іс-шара барысында аудан әкімінің орынбасары Мейрамбек Ақмұратов сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың қажырлы еңбегі мен жауапкершілігі үшін марапаттар табыс етті. «Қаржы саласында адал еңбек етіп, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген әр қызметкердің еңбегі бағалауға лайық», – деді әкім орынбасары өз сөзінде.
Сонымен қатар, жиынға қатысқан зиялы қауым өкілдері қаржы саласының стратегиялық маңызын атап өтіп, қызметкерлерге табыс, кәсіби жетістіктер мен амандық тіледі.
Аталған шара күрделі саладағы тәжірибелі қызметкерлердің ауданның дамуына қосқан үлесін, олардың кәсіби жетістіктерін бағалауға, сала мамандарын еңбек етуге ынталандыруға бағытталды.
Атап өтерлігі, мерекеге орай ҚР Қаржы министрлігінің бұйрығымен Ордабасы аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Алтынай Сихымбаева «Қаржы қызметінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Бұл марапат – 30 жылдан аса қаржы саласындағы табанды еңбектің, жауапкершілік пен кәсіби шеберліктің лайықты бағасы.
Алтынай Әуезханқызын осы мәртебелі марапатымен шын жүректен құттықтап, еселі еңбегі үшін алғыс білдіреміз!
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі