АУДАНДЫҚ СОТҚА ЖАҢА ТӨРАҒА ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

АУДАНДЫҚ СОТҚА ЖАҢА ТӨРАҒА ТАҒАЙЫНДАЛДЫ
Бүгін Түркістан облыстық сотының төрағасы Айдос Едігеұлы Сұлтанов аудан активтеріне Ордабасы аудандық сотының төрағасы болып тағайындалған Сатыбалдиева Айжан Құлманқызын таныстырды.
Облыстық сот төрағасы Айдос Сұлтанов сот жүйесіндегі кадрлық тағайындаулар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, судьялардың жалпы жиналысында ашық дауыс беру арқылы жүзеге асатынын атап өтті. Сонымен қатар, жаңа төрағаның аудандық сот қызметін одан әрі жетілдіру, құқықтық мәдениетті арттыру және әділ сот төрелігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс атқаратынына сенім білдіріп, қызметіне сәттілік тіледі.
Жиын барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бостан Жәкей Айжан Құлманқызын жаңа лауазымымен құттықтап, ел игілігі жолындағы еңбегіне табыс тіледі.
Сатыбалдиева Айжан Құлманқызы – заң саласында мол тәжірибесі бар білікті заңгер. Ол 1983 жылы дүниеге келген. Білімі жоғары, 2004 жылы Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік заң академиясын «құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2004 жылдан бастап, Оңтүстік Қазақстан облыстық сотында және Шымкент қалалық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында судья қызметін атқарған.
Қызмет барысында өз ісіне жоғары жауапкершілікпен қарайтын, сот жүйесіндегі білікті қызметкер ретінде танылды.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі