
Бүгін ауданымызда жаңа оқу жылы қарсаңында білім саласы қызметкерлерінің «Білім келешегі: Адал азамат, кәсіби маман» атты дәстүрлі тамыз кеңесі өтті.
Маңызды жиынның негізгі мақсаты – өткен оқу жылын қорытындылап, алда тұрған мақсат-міндеттерді айқындау, білім саласындағы жаңалықтар мен тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау.

Жиынға аудан әкімі Азат Оралбаев, облыстық мәслихат депутаты Ғани Райымбеков, аудандық білім бөлімінің басшысы Шұға Нұрабаева және қызметкерлері, Түркістан облыстық білім басқармасының бас маманы Зүбайра Алтаева, білім саласының ардагерлері мен мектеп директорлары, ұстаздар қауымы қатысты. Жиынға келген аудан басшылығы мен қонақтар алдымен білім саласындағы инновациялардың көрмесін аралады.

Шараның шымылдығы білім саласының жетістіктерін қамтыған бейнероликпен ашылды. Сонымен қатар, бейнеролик арқылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Республикалық тамыз кеңесіндегі алғысөзі көрсетілді. Келесі кезекте мектеп оқушыларының ән шашуы көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Кеңестің ресми бөлімі Қазақстан Республикасының Әнұранымен ашылып, модератор тізгінін алған Шұға Нұрабаева аудан әкімі Азат Оралбаевқа сөз берді. Аудан басшысы ұстаздар қауымына жаңа оқу жылында табыс тілеп, аудандағы білім саласындағы жетістіктерге, әкімдік тарапынан саланы қолдау мақсатында жүргізіліп жатқан ауқымды әрі жүйелі жұмыстарға тоқтала отырып, сапалы білім беру жолындағы бірлескен қызметтің маңыздылығын атап өтті.

Бұдан кейін аудандық білім бөлімінің басшысы «Білім келешегі: Адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында мазмұнды баяндама жасады. 25 тамызда өткен пәндік секциялық отырыстың қорытындысы мен жаңа оқу жылындағы басты бағыттарды мәлімдеді;
Түркістан облыстық білім басқармасының бас маманы Зүбайра Алтаева облыстағы білім саласының дамуына тоқталды;
«Білім беруді дамыту орталығының» әдіскері Рапия Басқараева білім сапасын арттыру бағытындағы әдістемелік қолдаулар жайында сөз сөйледі;
«Мың көшбасшы» бағдарламасы аясында жұмыс істеп жатқан Сыдық Ысмайлов атындағы мектептің директоры Римма Нуралиева тәжірибесімен бөлісті.

Жиын барысында үздік ұстаздар білім саласына сіңірген еңбегі мен жетістіктері үшін республикалық, облыс және аудан әкімінің, облыстық және аудандық мәслихаттың арнайы марапаттарына ие болды.
Бұл келелі кеңес – білім саласының жаңа оқу жылындағы дамуына серпін беретін, тәжірибе мен пікір алмасуға жол ашатын маңызды алаң болды.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі