Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Әбдиев ауданымызға келіп, «Шапағат» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына барып, мекеменің жұмысымен танысты.
Мұнда орталықтың қызметін пайдаланушы зейнеткерлермен және орталықтын қызметкерлерімен жүздесіп, мекеменің жағдайын көрді.
Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Олжас Болатханұлы және «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Әлиасқар Бердімұрат қатысты.
Мәжіліс Депутаты орталықтың материалдық-техникалық базасымен, емдеу-сауықтыру кабинеттеріндегі оңалту үдерісімен танысты. Жиын барысында ауыл тұрғындары сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жеткізді.
Ерлан Тұрсынбайұлы орталық қызметін жоғары бағалап, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сапалы ем алуына және әлеуметтік қызметтерге қолжетімділікті арттыру үшін қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Бұл кездесудің басты мақсаты – әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарының жағдайын жақсарту жолында нақты мәселелерді көзбен көріп, шешімдерге бастар қадам жасау болды.
Сонымен қатар ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты аудан орталығы Темірлан елдімекенінде салынып жатқан балалар музыкалық мектебінің құрылысымен танысты.
Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары 65-70% аяқталған. Мердігер мекеме нысанды қараша айына дейін толық пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Құрылыс жұмыстарын «Намыс» ЖШС жүргізуде.
Депутат сапалы материалдарды қолдану, техникалық қауіпсіздікті сақтау, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандусты талапқа сай орнату және жұмысты мерзімінде аяқтау қажеттігін ескертті.
Бұл нысан ауданымыз үшін маңызды әлеуметтік жобалардың бірі саналады және аудандық әкімдік пен АМАНАТ партиясы, аудандық білім бөлімі тарапынан тұрақты бақылауда.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі