28 шілде күні аудан орталығы Темірлан елді мекеніндегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда облысымыздағы әуесқой командалар арасындағы футбол чемпионаты ресми түрде ашылды.
Аталған жарысқа Бәйдібек, Сайрам, Түлкібас және Ордабасы аудандарының үздік құрамалары қатысып, облыс біріншілігінің чемпиондық атағы үшін өзара бақ сынауда. Турнир айналмалы жүйе бойынша өтуде . Әр команда бір-бірімен ойнап, ең көп ұпай жинағаны жеңімпаз атанады. Жарыстың басты мақсаты — үздік команданы анықтап, Қазақстан чемпионатына Түркістан облысы атынан қатысатын команданы іріктеу.
Чемпионаттың салтанатты ашылу рәсімінде аудан әкімінің орынбасары Илияс Тұрнияз жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тілеп, мұндай турнирлердің бұқаралық спортты дамытудағы маңыздылығын атап өтті.
Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып, командалар үлкен дайындықпен келгенін көрсетті. Әр ойында жеңіске деген жігер, спорттық рух пен командалық бірлік анық байқалуда.
Қорытынды матч 30 шілде күні өтеді. Жеңімпаз команда Түркістан облысының атынан республикалық деңгейде өтетін Қазақстан чемпионатына жолдама алады.

Ордабасы құрамасын бірге қолдап, жеңіске жету жолында жанкүйер болайық!
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі