⚜️“ОРДАБАСЫ ОТТАРЫ” – 90 ЖЫЛДЫҚ ТАРИХ, 90 ЖЫЛДЫҚ ШЕЖІРЕ!

⚜️“ОРДАБАСЫ ОТТАРЫ” – 90 ЖЫЛДЫҚ ТАРИХ, 90 ЖЫЛДЫҚ ШЕЖІРЕ!
⚜️Биыл Ордабасы ауданының шежірелі тарихымен бірге жасап келе жатқан, ел мен елді, халық пен билікті жалғаған “Ордабасы оттары” газетінің жарыққа шыққанына 90 жыл толып отыр! Бұл – тек басылымның емес, тұтас аудан жұртшылығының ортақ мерекесі!
Осы айтулы мерейтойға орай ұйымдастырылған салтанатты жиында газеттің әр жылдарда өркендеуіне үлес қосқан ардагер журналистер, қаламы жүйрік тілшілер, редакцияның еңбекқор қызметкерлері бас қосты. Олар өз естеліктерімен бөлісіп, “Ордабасы оттары” тарихының жарқын беттерін тағы бір еске алды.
Іс-шара барысында аудан әкімінің міндетін уақытша қоса атқарушы Мейрамбек Ақмуратов пен аудандық мәслихат төрағасы Бақдаулет Жумабеков газет ұжымына жүрекжарды тілектерін арнап, басылымның қоғам өміріндегі рөлін жоғары бағалады.
Сондай-ақ, бірқатар ардагерлер мен редакция қызметкерлеріне аудан әкімінің және мәслихаттың Алғыс хаттары табыс етілді.
1935 жылдан бері аудан өмірінің айнасы болып келе жатқан басылым бүгінге дейін талай буынды тәрбиеледі. Қоғамның, ауыл тіршілігінің тамырын дөп басып, халықтың үнін жеткізетін сенімді серікке айналды. Көптеген журналистердің шығармашылық жолы осы газеттен басталып, бүгінде елге танымал қаламгерлер қатарын толықтырып отыр. Уақытпен үндескен газет беттерінде ауыл өмірінің шынайы көрінісі, ел тұлғаларының тағылымды тағдыры, ұрпаққа өнеге болар естеліктер жазылды.
“Ордабасы оттары” ұжымын 90 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймыз!
Қаламдарыңыз ұштала берсін, оқырмандарыңыз көбейе берсін!
Халық пен биліктің алтын көпірі болып, аудан шежіресін келер ұрпаққа аманаттап жаза беріңіздер!
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі