Бүгін ауданымызда маңызды әрі мазмұнды брифинг ұйымдастырылды. Іс-шараға аудан әкімдігі, БАҚ өкілдері инвесторлар және кәсіпкерлер қатысып, өңірдегі бірқатар ірі жобалар кеңінен таныстырылды.
Іс-шара барысында қонақтар аудан экономикасына серпін беріп жатқан бірқатар маңызды нысандардың жұмысымен танысты.
Сонымен қатар, ауданның инвестициялық ахуалын жақсарту және жаңа жобаларды жүзеге асыру арқылы аймақтың тұрақты дамуына серпін беруге бағытталған нақты қадамдар айтылды.
Алдымен, Бадам ауыл округінде орналасқан «CENTRAL ASIA ALUMINUM COMPANY» ЖШС-нің өндірістік алаңына барып, алюминий профильдерін өндіру үдерісімен танысты. Бұл кәсіпорын қазіргі таңда аудан аумағында жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық жобалардың бірі болып табылады.
Сапар аясында қонақтар Ордабасы тауында орналасқан «Бірлік» монументіне барып, ел тарихындағы маңызды орындардың бірі саналатын қасиетті мекенмен танысты. Бұл – үш жүздің басы қосылған тарихи орын.
Бұдан кейін делегация Қажымұқан ауыл округі, Темірлан ауылындағы «Этно ауыл» аллеясына ат басын бұрып, туризм саласындағы 2 ауқымды жобамен танысты. Атап айтқанда, «Темірші» демалыс аймағы мен «AirCraft» жобасы таныстырылып, олардың туристік әлеуеті мен болашақтағы маңызы туралы кеңінен баяндалды.
Күн тәртібіндегі маңызды шаралардың бірі – аудан әкімі Азат Оралбаевтің БАҚ өкілдері алдындағы брифингі болды. Брифинг аудандық мәдениет үйінде өтіп, онда ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен алда тұрған міндеттері кеңінен баяндалды.
Іссапар соңында қонақтар Темірлан ауылында ұйымдастырылған кешкі асқа қатысып, еркін форматта пікір алмасып, бірқатар БАҚ өкілдері марапатталды.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі