9 мамыр - Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерейтойына және 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай Мақтаарал ауданында ауқымды әскери-патриоттық іс-шара ұйымдастырылды. Шараны Мақтаарал аудандық прокуратурасы мен аудандық білім бөлімі бірлесіп өткізіп, жастар арасында отансүйгіштік пен елге деген құрмет сезімін арттыруды мақсат етті.
Іс-шара Атакент кентінің «Даңқ аллеясында» өтті. Бұл – Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан майдангерлерді мәңгі есте қалдыруға арналған қасиетті орын. Осы жерде аудан прокуроры Айтболат Досаев, аудандық сот саласының ардагері Құнанбай Мұсаев, аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Саттаров пен аудандық мәслихаттың хатшысы Қадір Сәрсекбаевтар ескерткішке гүл шоқтарын қойып, отан қорғау жолында жанын берген батырларды еске алу үшін бір минут үнсіздік жариялады. Сондай-ақ, ұйымдастырылған салтанатты жиында соғыс және еңбек ардагерлері, құқық қорғау органдарының өкілдері, мұғалімдер мен оқушылар бас қосты.
Мерекелік жиын мемлекеттік Әнұранмен ашылып, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің рухына тағзым етілді. А.Досаев, Н.Саттаровтар патриоттық тәрбиенің маңызы туралы сөз сөйлеп, жас буынды ел қорғауға әзір болуға шақырды.
Іс-шара аясында алғашқы әскери дайындық пәні бойынша білім алып жатқан мектеп оқушылары арасында әскери патриоттық жарыстар ұйымдастырылды. Оқушылар саптық даярлық, қару-жарақпен жұмыс істеу, әскери ән айту, күш сынасу және әскери эстафета сияқты түрлі бағыттар бойынша өзара бақ сынасты. Әр мектеп өз командасын дайындап әкеліп, ұйымшылдық, тәртіп пен батылдықтарын паш етті.
Жарыс барысында оқушылардың саптық жүрісі мен әскери бұйрықтарды нақты орындауы көрермендер тарапынан жоғары бағаланды. Сонымен қатар, «Жас сарбаз» ұйымдарының мүшелері өздерінің дағдыларын көрсетіп, жауынгерлік рухты көтеретін патриоттық әндер орындады.
Іс-шара соңында үздік көрсеткішке ие болған командалар арнайы дипломдармен, алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, жастарымыздың патриоттығын асқақтатып, оларды отан қорғауға тәрбиелеу жолында белсенді атсалысып жатқан бір топ азаматтарға да аудан әкімінің және аудан прокорурорының алғыс хаттары берілді. Ұйымдастырушылар мұндай шаралар жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу ісінде маңызды рөл атқаратынын және алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтті.
Мақтаарал ауданында өткен бұл шара – жас ұрпақтың бойында елге, жерге деген сүйіспеншілікті оятып, Отан алдындағы борышын сезінуге бағытталған маңызды қадам болды. Ардагерлердің ерлігін ұмытпай, сол ерлікті жастарға өнеге ету – бүгінгі буынның басты парызы екені іс-шара барысында тағы бір мәрте дәлелденді.