Түркияның Анталия қаласында өткен халықаралық «Fibonacci Robot Olympiad Turkey» робототехника чемпионатында Мақтаарал ауданының жас өрендері еліміздің абыройын асқақтатып, жүлдемен оралды.
Бұл беделді додада әлемнің 19 елінен келген талантты жастар бақ сынасты. Олардың арасында ерекше дарынымен көзге түскен мақтааралдық оқушылар бірнеше аталым бойынша жүлдегер атанып, Қазақстанның атын халықаралық аренада таныта білді.
Жас өнертапқыштарымыздың құрамын №5 Мақтаарал гуманитарлы-қоғамдық пәндер бағытындағы мектеп-гимназиясы мен №7 В.Комаров атындағы жалпы білім беретін мектептің үздік оқушылары құрады. Олар жарысқа ұзақ дайындалып, түрлі деңгейдегі іріктеулерден сүрінбей өткен. Чемпионат барысында жасөспірімдер түрлі күрделі тапсырмаларды орындай отырып, өздерінің робот құрастыру, бағдарлама жазу және логикалық ойлау қабілеттерін жоғары деңгейде көрсетті.
Команда жетекшілері мен жаттықтырушыларының айтуынша, бұл жеңіс – көп жылғы еңбектің, үздіксіз дайындықтың және оқушылардың үлкен қызығушылығы мен ынтасының жемісі. Сондай-ақ, бұл жетістік ауданымызда ғылым мен техниканы дамыту жолындағы маңызды қадам болып табылады.
Айта кету керек, жарыс қорытындысы бойынша Мақтааралдық оқушылар қола медальға қол жеткізіп, түрлі сертфикаттарға ие болды және барлық қатысушылар Италияның Рим қаласында өтетін әлемдік чемпионатқа жолдамалар жеңіп алды.
Бұл – халықаралық деңгейдегі үлкен табыс. Алдағы уақытта оларды тағы да бірнеше байқау мен олимпиада күтіп тұр. Команда мүшелері бұл жолғы жетістікпен тоқтап қалмай, білім мен тәжірибелерін одан әрі шыңдай түспек.