МАҚТААРАЛДАҒЫ НЕСИЕ АЛЫП КӘСІБІН БАСТАҒАН ЖАСТАРМЕН ТАНЫСТЫ

МАҚТААРАЛДАҒЫ НЕСИЕ АЛЫП КӘСІБІН БАСТАҒАН ЖАСТАРМЕН ТАНЫСТЫ
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директорының орынбасары П.Есқұлов Мақтаарал ауданына жұмыс сапарымен келіп, ауданның ішкі саясат бөлімінің басшысы М.Бабашев және аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры Н.Ошантаевпен бірге мемлекеттен 2,5 пайызбен несие алып кәсібін бастаған аудан жастарымен танысты.
Ең алдымен П.Есқұлов бастаған топ Атакент кентінде орналасқан «Арайлым» қыз-келіншектерге арналған фитнес клубқа барды. Кәсіпкерліктің басшысы Арайлым Сейітжанова бұған дейін «Megamix» түзете дамыту орталығын, ал биыл ағылшын тілін оқыту орталығын ашқан. Бүгінде 25 жастағы кәсіпкер қыз 6 азаматты жұмыспен қамтып отыр. Арайлым мемлекеттік кәсіпкерлерді қолдау бағдарламаларының арқасында елімізде кез келген жас азаматтар өз кәсібін бастауға мүмкіндіктер көп екенін жеткізді.
Мұнан соң басшылар Жамбыл ауылдық округі Кеңесшіл ауылында орналасқан мал бордақылау алаңына барды. Қожалықтың төрағасы 26 жастағы Бақдәулет Озаев 2,5 пайызбен 8,4 миллион теңге несие алып, 24 мал басын сатып алған. Жас кәсіпкер мал бордақылау ісіндегі қиындықтар мен келетін пайда туралы кеңінен түсіндірді. Ет өнімдеріне деген сұраныс көп екенін айтып, аудан жастарын мал бордақылау ісімен айналысуға шақырды.
Топтың соңғы барған жері – Иіржар ауылдық округінде орналасқан «Мұқағали» қожалығының жылыжай кешені. Қожалық иесі Мұқағали Көшекеев 2,5 пайызбен 5 миллион теңге несие алып, жылыжай кәсібімен айналысып отыр. Қазіргі таңда жылыжайда болгар бұрышы өсірілуде. Аса қатты күтімді талап етпейтін, қырық күнде өнім беретін көкөністі базар нарығында жақсы саудалауға болады екен. Бүгінде қожалық иесі ауыл жастарына да жұмыс тауып беріп отыр.
Айта кетейік, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-і жастарға берілетін 2,5% несие бойынша арнайы үн парақшаларды таратып, биылдың өзінде 41 рет түсіндірме жұмыстарын ұйымдастырған.
 
(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі