Бүгін Мақтаарал ауданының адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты "Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы" балаларды жазғы сауықтыру қала сыртындағы базасы өз жұмысын бастады.
Жазғы сауықтыру лагерінің ашылуы "Армысың жарқын жаз - 2023" тақырыбында салтанатты түрде өткізілді.
Балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастырып, бала демалысы үшін қажетті жағдайлар жасау, жалпы мәдениетін, салауатты өмір салтының дағдыларын қалыптастыру - жазғы сауықтыру лагерінің негізгі мақсаты. Қала сыртындағы базада балалардың денсаулығын нығайтуға, шығармашылық еңбегіне, өздерінің қабілеттерін іске асыруы үшін қажетті жағдайлар толық жасалған.
Салтанатты іс-шараны аудан әкімінің орынбасары Төребеков Бейсенбай Тасболатұлы және Мақтаарал ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Серікбаев Мұратбек Тулапұлы ашып беріп, лагерде демалушы балаларғы ізгі тілектерін арнады.
Лагерь демалушыларының әрбір күні бос өтпей, түрлі мәдени, шоу, спорттық, көңілді би кештерінің өткізілуі жоспарланған.
Айта кетейік, І кезеңі бойынша жазғы сауықтыру лагеріне 200 демалушы балалар қабылданды. Жаз айларының соңына дейін 7 кезең бойынша 1400 баланы қамту көзделіп отыр.
(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі