АУДАНДА ҚҰРАН ОҚУДАН ЖАРЫС ӨТТІ

АУДАНДА ҚҰРАН ОҚУДАН ЖАРЫС ӨТТІ

Рамазан айының аяқталуына байланысты Мақтаарал ауданы "Абдул - Әкім" мешітінде жастар мен жасөспірімдер арасында дәстүрлі құран оқудан жарыс өтті.

Кейінгі буынның рухани кемелденуіне септігін тигізетін іс-шараны ауданның бас имамымен бекітілген іс-шара жоспары бойынша " Абдул - Әкім" мешіті мен «Жастар ресурстық орталығы» КММ-і ұйымдастырды.

Жарысқа кенттер мен ауылдық округтерде, ондағы елдімекендерде орналасқан мешіттерден дәріс алып жүрген мектеп жасындағы шәкірттер мен бойына бар жақсылық пен ұлағаттылықты жинаған жастар қатысты. Жарысқа қатысушылардың ең кішісі 6 жаста болса, үлкені 23 жасты құрады.

Шара барысында көптеген қатысушылардың дайындығы жоғары деңгейде екені көрінді. Әлбетте, діни тұрақтылық пен береке-бірлікті насихаттайтын бұл шарада Құран аяттарын жаттаған, сонымен бірге, азан шақырудың әдемі үлгісін көрсеткен шәкірттердің де көп болғаны ауыл мешіттерінің имамдарының жұмыс нәтижесінің жоғары екендігін дәлелдеді.

Жарыстың шарты бойынша медресе оқымаған, мешіт қызметкері болмаған жастар мен жасөспірімдер ғана қатысты.

Жастарымыздың жүрегіндегі иманды күшейтіп, барлық жаман әдеттер мен істерден аулақ болуға тәрбиелеу, береке-бірлікке шақыру - шараның негізгі мақсаты болды.

«Рамазан айының құрметіне өткізіліп отырған шара, әрине кейінгі буынның діни сауатын арттырып, жанын ізгілік нұрына толтырары сөзсіз. Сондай-ақ, бұл жарыс қоғамды ынтымаққа, бірлікке, саяси тұрақтылыққа шақырып, тұрғындарымыздың бір-бірлеріне деген мейірімін, құрметін арттырады» - деді, ауданның бас имамы.

Жарыс үш пара оқудан өтіп, әрбір пара бойынша бірінші, екінші, үшінші және төртінші орындар анықталды.

Ауданымыздағы барлық мешіттердің имамдары сайыстың барынша әділ өтуіне атсалысып, әділ-қазылық жасады. Жүлделі орын алған жеңімпаздар арнайы дипломдармен және қаржылай сыйлықпен марапатталды.

Айта кетейік, алдағы Құрбан айт мерекесінде бұл игі іс-шара өз жалғасын тауып, енді 35 жасқа дейінгі жас отбасылар арасында құран жарысын өткізу жоспарлануда.

(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі