Құрметті мақтааралдықтар!
Қадірменді жерлестер!
Елдің елдігін, мемлекеттілігін айқындайтын басты құндылықтар ол - елдің шекарасы, астанасы және мемлекеттік рәміздері.
Бүгінгі 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні мерекесімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!
Мемлекеттік рәміздеріміз – Мемлекетіміздің тәуелсіздігін айқындаумен қатар, халықтықты тұтастыққа ұйыстыратын, бірлікке үндейтін айшықты белгілер. Еркіндігіміздің Көк байрағы көкте желбіреп, Елтаңба төрде орнығып, Әнұран шырқала орындалғанда ата-бабаларымыз сан ғасырлар аңсаған елдік қалпымыз бен сүттей ұйыған тірлігімізге шүкіршілік айтып, толқымайтын жан, селт етпейтін көңіл жоқ шығар.
Сондықтан, әрбір отандасымыз үшін мемлекеттік рәміздер – өте қастерлі әрі баға жетпес құнды!
Өздеріңізге мәлім, 1992 жылдың 4 маусымында Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздері бекітілсе, тура 15 жылдан кейін дәл сол күні, яғни 2007 жылдың 4 маусымында "Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңы қабылданған болатын. Бұл күндері аузын айға білеген өзге алпауыт мемлекеттермен иық тіресіп, талай елдің төрінде әнұраны шырқалып, көк туы желбіреген Қазақстанды төрткүл дүние танып, мойындады десек артық айтқандық емес.
Ұлттық патриотизм, Отанға деген сүйіспеншілік, туған жерге деген ыстық ықылас – адамның рухани болмысын айқындайтын асыл ұғым. Ал, Отанға деген сүйіспеншілікті әрбір жүрекке ұялататын елдің нышандары екені сөзсіз. Олай болса, Тәуелсіздік төсбелгісіне айналған рәміздерімізді құрметтеу, мақтан тұту әрбір азамат үшін қасиетті борыш.
Тәуелсіздігіміздің алтын күмбезі саналатын мемлекеттік рәміздердің мәртебесі арта берсін деп, мерейлі мерекеде барлықтарыңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға бақыт тілеймін.
Еліміздің ынтымақ-бірлігі бекем болсын!
Ізгі ниетпен,
Мақтаарал ауданының әкімі
АСАНОВ БАҚЫТ НАСЫРХАНҰЛЫ