Құрметті мақтааралдықтар!
Қадірменді жерлестер!
Баршаңызды жер бетіндегі барлық мұсылман қауымы үшін ұлық саналатын Ораза айының басталуымен шын жүректен құттықтаймын!
Ораза айы – береке мен бірлік, кешірім мен мейірім және қайырымдылықтың айы. Бұл ай еліміздегі барша ұлттар мен ұлыстарды ынтымаққа ұйыстырып, бірлігін барынша нығайта түседі. Иманды күшейтіп, азаматтарымызды қайырымды іс жасауға, жақынына көмектесіп, мұқтаждарға қол ұшын беруге жігерлендіреді.
Еліміздің мұсылман қауымы қасиетті Оразада ауыз бекітіп, шарапаты мол айда жасалған ізгі іс-шараларға жаппай атсалысады. Мешіттерімізде ауызашарлар мен қайырымдылық акциялар көптеп өтеді. Тұрмыс жағдайы төмен отбасыларына көмектер көрсетіледі. Міне, бұл - ораза айының құдіреті.
Халқымызда "Дін тірегі – имандылық" десе, имандылық әр адамды тек жақсы қасиеттерге тәрбиелейді. Әділет пен парасат жолымен ғана жүруге үндейді.
Ағайын-туысты, көршілер мен өзге ұлт өкілдерін осынау қасиетті айдың кіріп келуімен құттықтап, тілеулестік білдіру де – игі амал. Ораза айында ата-анамызға, балаларға сыйлық үлестіріп, ағайын-көрші, туыс-бауырларды ауызашарға қонаққа шақырып, айрықша көңіл бөлу де – сауапты іс.
Қадірменді жерлестер!
Барлықтарыңызды қасиетті Ораза айының кіріп келуімен құттықтап, ниеттеріңіз қабыл болсын демекпін. Жүздеріңіздегі нұр, жүректеріңіздегі иман арта берсін. Отанымыз аман, жұртымыз тыныш, барша Қазақстан халқының ынтымақ-бірлігі берік болғай!
Ізгі ниетпен,
Мақтаарал ауданының әкімі
Асанов Бақыт Насырханұлы