Құрметті ардагерлер, ақ жаулықты әжелер, қадірлі қариялар!
Сіздерді 1 қазан – Халықаралық қарттар күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Қазақ халқы ежелден «Қарты бар үйдің – қазынасы бар» деп, үлкенге құрмет көрсетіп, ақсақалдың батасын, ақ жаулықты әженің өнегесін өмірлік бағдар еткен. Сіздер – халқымыздың салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтарын ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, елдің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан ардақты жансыздар.
Бүгінде Мақтаарал ауданында 11 706 зейнеткер бар. Олардың әрқайсысының ел дамуына қосқан өзіндік үлесі, жүріп өткен өнегелі жолы бар. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз бен өмірлік тәжірибелеріңіз – кейінгі ұрпақ үшін баға жетпес мұра.
Сіздер ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына, ауыл шаруашылығының өркендеуіне, білім мен мәдениеттің қалыптасуына, ел бірлігінің нығаюына аянбай еңбек еттіңіздер. Бүгінде бейнеттің зейнетін көріп, ұрпақтарыңыздың қызығына бөленіп отырғандарыңыз – баршаға үлгі.
Бүгінгі жас буын сіздерден еңбексүйгіштікті, елге қызмет етуді, үлкенді сыйлауды, туған жерге деген сүйіспеншілікті үйренеді.
Қария – отбасының ғана емес, тұтас қоғамның берекесі. Сіздердің ақыл-кеңестеріңіз бен баталарыңыз жастарға бағыт-бағдар беріп, елдің ынтымағы мен татулығын нығайта түседі.
Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, аға буын өкілдерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту, олардың қоғамдағы белсенділігін арттыру және лайықты өмір сүруіне жағдай жасау – басты назардағы бағыттардың бірі.
Мақтаарал ауданында да қарттардың әл-ауқатын арттыруға, олардың денсаулығын нығайтуға, қоғамдық өмірге белсенді араласуына мүмкіндік жасауға ерекше мән беріліп келеді.
Осы айтулы мерекеде баршаңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға амандық пен береке тілеймін!
Әр шаңырақта қуаныш пен шаттық орнап, ұрпақтарыңыздың қызығын көріп, ел-жұрттың құрметіне бөленіп жүре беріңіздер.
Ақ баталарыңыз бен ақыл-кеңестеріңіз әрдайым ел игілігіне қызмет етіп, Мақтааралымыздың берекесі мен бірлігі арта берсін!
Халықаралық қарттар күні құтты болсын!