Күні кеше Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов Түркістан облысының әуесқой футбол командалары арасында чемпион атанған «Мақтаарал» футбол командасының ойыншыларын, жаттықтырушыларын және белсенді жанкүйерлерін арнайы марапаттады.
Аудан басшысы чемпиондарды жеңісімен құттықтап, бұл жетістік Мақтаарал ауданы үшін ортақ қуаныш әрі абырой екенін атап өтті.
«Бұл – үлкен еңбектің, табандылықтың, ұйымшылдықтың және жеңіске деген жігердің нәтижесі. Сіздер бұл жеңіске футбол алаңындағы шеберліктеріңізбен ғана емес, ауызбіршіліктеріңізбен, жауапкершіліктеріңізбен және туған жерге деген сүйіспеншіліктеріңізбен жеттіңіздер. Бұл жеңіс – бір команданың ғана емес, бүкіл Мақтаарал ауданының ортақ жеңісі», – деді аудан әкімі Бақыт Асанов.
Финалдық кездесуде командаға қолдау көрсету үшін Мақтааралдан Түркістан қаласына дейін 450 шақырым жол жүріп барған жүздеген жанкүйер өз қолдауын білдірген. Аудан басшысы спортшылармен бірге команданың жеңісіне үлес қосқан жаттықтырушыларға, жанкүйерлерге және спорт жанашырларына алғысын жеткізді.
Марапаттау барысында аудан басшысы командаға демеушілер есебінен 1 миллион теңге көлемінде қаржылай сыйақы табыстады. Сондай-ақ, жеңіске үлес қосқан ойыншылар, бапкерлер мен белсенді жанкүйерлер арнайы марапаттарға ие болды.
«Мақтаарал» командасы енді Қазақстан Республикасы чемпионатында Түркістан облысының және Мақтаарал ауданының намысын қорғайды. Аудан әкімі чемпиондарға алдағы республикалық додада да жоғары нәтиже көрсетіп, жеңісті жолды жалғастыруға тілектестік білдірді.
Айта кетейік, Түркістан облысының әуесқой футбол командалары арасындағы чемпионаттың шешуші кезеңінде облыстың 3 қаласы мен 14 ауданынан үздік командалар бақ сынаған тартысты додада «Мақтаарал» командасы үздік сегіздік қатарынан көрініп, финалға дейін сүрінбей жеткен.
Ақтық кездесуде мақтааралдық футболшылар Түркістан қаласының құрамасымен кездесіп, қарсыласын 3:1 есебімен жеңді. Осылайша, «Мақтаарал» командасы облыс чемпионы атанып, ауыспалы кубок пен медальдарға ие болды. Сонымен қатар, команда Қазақстан Республикасы чемпионатына қатысуға жолдама алды.
Бұл – «Мақтаарал» командасының әуесқой футболдан Түркістан облысының чемпионы атануы бойынша екінші жыл қатарынан қол жеткізген жеңісі.