Қазақстан Республиасы Үкіметінің №736 қаулысымен бекітілген «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде Жаңажол ауылдық округіне қарасты Фирдауси елді мекенінде салынған 100 тұрғын үйдің құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталған болатын. Бүгін алғашқы лекпен аталған тұрғын үйдің 52-і «Отбасы банк» АҚ арқылы баспана кезегінде тұрған әлеуметтік жағынан осал топтарға жататын азаматтар мен көпбалалы отбасыларға табысталды.
Жаңа қоныс иелеріне пәтер кілттерін табыстау рәсіміне Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов қатысып, тұрғындарды қуаныштарымен құттықтады. Өз сөзінде аудан басшысы тұрғын үйдің әрбір отбасы үшін маңыздылығына тоқталып, бұл күннің көптеген азаматтардың өміріндегі ерекше сәт екенін атап өтті.
«Баспана – әрбір отбасының бақыты мен берекесінің, тұрақтылығы мен жарқын болашағының негізі. Сондықтан, бүгінгі іс-шара көптеген отбасылар үшін жаңа өмірдің бастауы, көптен күткен арманның орындалған күні деп білемін. Жаңа қонысқа ие болып отырған барлық отбасыларды шын жүректен құттықтаймын! Шаңырақтарыңыз шаттыққа, дастархандарыңыз берекеге толсын! Жаңа үйлеріңізге құт-береке, ырыс пен ынтымақ орнасын! Балаларыңыздың күлкісі үзілмей, әр шаңырақта бақыт пен бақ-дәулет мәңгілік мекен етсін!» – деді, Бақыт Насырханұлы.
Жаңа тұрғын үйлер тұрғындардың жайлы әрі қауіпсіз өмір сүруіне қажетті барлық инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Атап айтқанда, үйлерге табиғи газ, электр энергиясы, ауыз су және кәріз жүйесі толық жүргізілген. Сонымен қатар, тұрғын үй аумағын абаттандыру, асфальт-бетон жабындысын төсеу, кірме жолдарды ретке келтіру жұмыстары да толық аяқталған.
Әрбір тұрғын үйдің жалпы аумағы 63 шаршы метрді құрайды. Пәтерлерде кіреберіс бөлме, үш тұрғын бөлме, ас үй және санитарлық торап қарастырылған. Сондай-ақ, әр үйге 7 сотық жер телімі берілген. Бұл тұрғындардың жеке қосалқы шаруашылық жүргізуіне, бау-бақша өсіріп, тұрмысын жақсартуына қосымша мүмкіндік береді.
Жаңа баспананың кілтіне ие болған отбасылар мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау үшін ризашылықтарын білдіріп, көптен күткен армандарының орындалғаны үшін аудан әкіміне ерекше алғыстарын жаудырды. Бұл бастама өңірдегі әлеуметтік тұрақтылықты нығайтып, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жұмыстардың нақты нәтижесін көрсетті.
Айта кетейік, «Жаңажол ауылдық округінің әкімі аппараты» мемлекеттік мекемесі Ақжол елді мекенінен дәл осы жаңа тұрғын үйлер орналасқан Фирдауси елді мекеніне көшіп, ауыл әкімшілігінің ұжымы да жаңа ғимаратқа қоныстанды. Сонымен қатар, елді мекеннің бұл шағын ауданында алдағы уақытта спорт, ойын алаңшалары мен мәдениет үйін салу жоспарланып отыр.