МАҚТААРАЛДА ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӨТІНІШТЕРІ, ЖЕР ТЕЛІМДЕРІН ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУ ЖӘНЕ АБАТТАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

МАҚТААРАЛДА ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӨТІНІШТЕРІ, ЖЕР ТЕЛІМДЕРІН ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУ ЖӘНЕ АБАТТАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Бүгін Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асановтың төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, аумақтық мекеме жетекшілері, дербес бөлім басшылары, кенттер мен ауылдық округ әкімдері қатысты.
Мәжілістің күн тәртібіндегі алғашқы мәселе — тұрғындардан келіп түскен арыз-шағымдар мен жоғары тұрған органдардан жолданған қызметтік хаттардың орындалу барысы болды. Бұл бағыт бойынша аудан әкімі аппаратының жалпы, әкімшілік және мемлекеттік құпияларды қорғау бөлімінің бас инспекторы Нұрбол Боранбаев баяндама жасады.
Жыл басынан бері аудан бойынша 2269 өтініш тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 385 өтінішке азайған. Аталған нәтиже тұрғындардың мәселелерін шешу бағытындағы жұмыстардың жүйелі жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Сонымен бірге, өтініштерді қарау барысында бірқатар жауапты мамандар тарапынан заң талаптарын бұзу фактілері анықталған. Аудан әкімі Бақыт Асанов бұл мәселеге ерекше тоқталып, заң бұзушылыққа жол берген мекеме басшыларынан ауызша түсініктеме алып, алдағы уақытта мұндай жағдайларға жол бермеуді тапсырды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе — аудан аумағындағы пайдаланылмай жатқан коммерциялық, өндірістік, ауыл шаруашылығы, жайылымдық және өзге де мақсаттағы жер телімдерінің жай-күйі мен оларды тиімді пайдалану шаралары болды. Бұл бағыт бойынша ауданның жер қатынастары бөлімінің басшысы Өсер Мырзамдамов пен сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Ербол Тұрғанбаев баяндама жасады.
Жүргізілген түгендеу жұмыстары нәтижесінде жалпы аумағы 130 гектарды құрайтын 40 игерілмей жатқан жер телімі анықталған. Жер иелерімен түсіндіру жұмыстары жүргізілгеннен кейін 13 жер телімінің иесі өз аумағын игеруге кіріскен. Бұл телімдердің жалпы көлемі 40 гектарды құрайды.
Сонымен қатар, 59 гектар жер телімі иесінің қайтыс болуына байланысты иесіз мүлік ретінде рәсімдеу жұмыстарына бағытталса, нақты игерілмей жатқан 30 гектар аумақ бойынша тиісті шаралар қабылдау үшін облыстық жер ресурстары басқармасына хат жолданған.
Жиында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ғабит Полатов мемлекеттік акт рәсімделуі қажет ішкі көшелер, тұрғын үй кезегіндегі азаматтарды түгендеу және «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясындағы жұмыстар туралы баяндады.
Қазіргі таңда ауданда мемлекеттік акт алуы қажет 323 көшенің 191-іне тиісті құжат рәсімделген. Аудан басшысы бұл бағыттағы жұмыстарды жеделдетіп, қалған көшелер бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды.
Тұрғын үй кезегіне қатысты мәліметке сәйкес, ауданда 2453 азамат тіркелген. Оның ішінде 2185 азаматтың деректері түгендеуден өткен. Қалған 268 азамат бойынша жұмыстарды аяқтау қажеттігі айтылды. Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында елді мекендердегі тазалық пен тәртіпті сақтау жұмыстары да қаралып, жыл басынан бері 59 азаматқа ескерту беріліп, 6 азаматқа әкімшілік айыппұл салынған. Қазіргі таңда кенттер мен ауылдық округ әкімдіктеріне арнайы планшеттер беріліп, құқық бұзушылықтардың алдын алу және бақылау жұмыстары жүргізілуде.
Аппараттық мәжілістің қорытындысында аудан әкімі Бақыт Асанов жауапты бөлімдер мен ауылдық округ әкімдеріне көтерілген мәселелер бойынша жұмысты күшейтіп, белгіленген тапсырмалардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді міндеттеді.

(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі