Жаз мезгілінде су айдындарында тұрғындар мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қайғылы оқиғалардың алдын алу және қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мақсатында Мақтаарал ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі аудандық полиция бөлімімен және аудан әкімдігімен бірлесіп ауқымды рейдтік-профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырды.
Іс-шараларға Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Н.Саттаров қатысып, жауапты мекемелердің қызметкерлеріне нақты тапсырмалар беріп, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, жеке құрамның қатысуымен саптық жиын өткізіліп, қауіпсіздік шараларын күшейту, рейдтік жұмыстарды үйлестіру және жауапты мекемелердің өзара іс-қимылын жетілдіру мәселелері талқыланды.
Ұйымдастырылған профилактикалық жұмыстарға барлығы 53 адам жұмылдырылды. Атап айтқанда, Мақтаарал ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінен – 21 қызметкер, аудандық полиция бөлімінен – 15 қызметкер, жергілікті әкімдіктерден – 9 маман және 8 ерікті (волонтер) қатысты.
Екі күнге жоспарланған іс-шара аясында аудан аумағындағы су айдындарында барлығы 4 рейд ұйымдастырылды. Рейд барысында азаматтарға судағы қауіпсіздік ережелері кеңінен түсіндіріліп, рұқсат етілмеген орындарда шомылудың қауіптілігі туралы ескертілді. Сонымен қатар, қауіпсіздік талаптары жазылған арнайы жадынамалар таратылып, балаларды қараусыз қалдырмау, мас күйінде суға түспеу және белгіленген қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажеттілігі түсіндірілді.
Мұндай профилактикалық жұмыстардың негізгі мақсаты – тұрғындардың өмірі мен денсаулығын қорғау, судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздікке деген жауапкершілігін арттыру.
Айта кетейік, Мақтаарал ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі тұрғындарды су айдындарында демалу кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Әсіресе, балаларды ересектердің қарауынсыз су айдындарына жібермеу, тек рұқсат етілген орындарда шомылу және төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында белгіленген талаптарды мүлтіксіз орындау қажеттігін ескертеді.
Алдағы уақытта да аудан аумағында судағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған рейдтік-профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде жалғасатын болады.
(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі