Мақтаарал ауданының Атакент кентіндегі «Алпамыс батыр» орталық стадионында футболдан әуесқой командалар арасындағы Түркістан облысының чемпионатының топтық кезеңі жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Бұқаралық спортты дамытуға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған ауқымды спорттық додаға өңірдің үздік әуесқой командалары қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков пен Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы Самат Ушкенбаев қатысып, спортшылар мен жанкүйерлерді құттықтап, командаларға сәттілік тіледі.
Өз сөзінде аудан әкімінің орынбасары Бижан Шералыұлы бұқаралық спортты дамыту – мемлекет саясатының маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.
«Футбол – тек спорт қана емес, ол достықтың, ұйымшылдықтың, табандылық пен салауатты өмір салтының жарқын үлгісі. Осындай спорттық шаралар жастарды белсенділікке баулып, бұқаралық спорттың дамуына, ел бірлігінің нығаюына зор үлес қосады. Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Осы бағыттағы жұмыстар ауданымызда да жүйелі түрде жүзеге асырылып, спортпен шұғылданушылардың қатары жыл сайын артып келеді. Бүгінгі жарыс та соның жарқын дәлелі. Ендеше, сіздерге тартысты да қызықты ойын, әділ бәсеке және жарқын жеңістер тілеймін. Ең бастысы – жарыс жоғары деңгейде өтіп, достық пен сыйластықтың мерекесіне айналсын», – деді, Б.Анарбеков.
Облыстық чемпионаттың топтық кезеңіне Мақтаарал, Жетісай, Шардара және Келес аудандарының әуесқой футбол командалары қатысып, жоғары дайындық деңгейін көрсетті. Командалар арасындағы кездесулер тартысты әрі қызықты өтіп, жанкүйерлерге әсерлі ойындар сыйлады. Әрбір матчта спортшылар жеңіске деген жігерін, командалық бірлігін және шеберлігін паш етті.
Жарыс қорытындысы бойынша «Мақтаарал» командасы өз тобында бірінші орынға ие болып, Түркістан қаласында өтетін облыс чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алды. Бұл нәтиже команданың жүйелі дайындығы мен спортшылардың жоғары шеберлігінің айқын көрінісі болды.
Айта кету керек, өткен 2025 жылы дәл осы облыстық чемпионатта «Мақтаарал» командасы барлық қарсыластарынан басым түсіп, Түркістан облысының чемпионы атанған болатын. Биылғы жарыста да команда өткен жылғы жетістігін жалғастырып, финалдық кезеңде аудан намысын абыроймен қорғайды деген сенім мол.