МАҚТААРАЛ АУДАНЫНДА БАЛАЛАР ҚАУІПСІЗДІГІ МЕН СУДА ШОМЫЛУ ЕРЕЖЕЛЕРІ БОЙЫНША ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

МАҚТААРАЛ АУДАНЫНДА БАЛАЛАР ҚАУІПСІЗДІГІ МЕН СУДА ШОМЫЛУ ЕРЕЖЕЛЕРІ БОЙЫНША ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ
Мақтаарал ауданында жазғы шомылу маусымында азаматтардың, әсіресе балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Төтенше жағдайлар бөлімінің ұйымдастыруымен бассейндерде кең көлемді түсіндірме-профилактикалық іс-шаралар өткізілді.
Шараның негізгі мақсаты — судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу, балалар мен жасөспірімдер арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ ата-аналардың жауапкершілігін арттыру.
Іс-шараға Мақтаарал ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері, бассейн иелері, құтқарушылар және жергілікті тұрғындар қатысты. Алдымен бөлім бастығы, азаматтық қорғау полковнигі А. Жакияев пен «Фуд Сити» демалыс орталығының иесі, кәсіпкер Н. Сақтағанов арасында әлеуметтік маңызы бар меморандумға қол қою рәсімі өтті.
Аталған меморандум аясында әлеуметтік осал топқа жатқызылған балаларды бассейнге тегін кіргізу және судағы қауіпсіздік ережелерін үйрету, сондай-ақ кәсіби құтқарушылардың қатысуымен жүзу дағдыларын меңгерту жұмыстары қарастырылған. Бұл бастама аудан тұрғындары үшін қауіпсіз әрі қолжетімді демалыс жағдайларын қалыптастыруға бағытталған.
Кейіннен Төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары бассейн аумағында демалып жатқан балалар мен жасөспірімдерге арнайы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Олар судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау, терең су айдындарында өзін-өзі ұстау тәртібі, сондай-ақ балалардың қараусыз қалуы салдарынан болатын қайғылы жағдайлардың алдын алу жолдары туралы жан-жақты ақпарат берді. Сонымен қатар, балалар арасында үй жағдайында және қоғамдық орындарда орын алатын терезеден құлау оқиғаларының алдын алу мәселесіне де ерекше назар аударылды. Мамандар ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмау, қауіпсіз орта қалыптастырудың маңыздылығын еске салды.
Іс-шара барысында балаларға суда тұншығу немесе батып бара жатқан адамға алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдері практикалық түрде түсіндіріліп, қарапайым әрекет алгоритмдері көрсетілді. Құтқарушылар әрбір жағдайда дұрыс әрекет ету өмірді сақтап қалуда шешуші рөл атқаратынын атап өтті.
Шара соңында қатысушыларға судағы қауіпсіздік ережелері жазылған арнайы жадынамалар таратылып, түсіндірме жұмыстары тұрақты түрде жалғасатыны айтылды.
Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, мұндай профилактикалық іс-шаралар шомылу маусымы кезінде қайғылы оқиғалардың алдын алуға және тұрғындар арасында қауіпсіздік мәдениетін арттыруға бағытталған.



(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі