Әрбір азамат өмірге келген сәттен бастап мемлекеттік көрсетілетін қызметтермен үздіксіз байланыста болады. Баланың тууын тіркеу, білім алу, жер телімін рәсімдеу, әлеуметтік көмекке жүгіну, денсаулық сақтау саласындағы қызметтер-мұның барлығы азамат пен мемлекеттің күнделікті өзара әрекеттесуінің нақты көрінісі. Сондықтан мемлекеттік қызметтердің сапасы қоғам мен мемлекет арасындағы сенім деңгейін айқындайтын негізгі өлшемдердің бірі болып табылады.
Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру мәселесі елімізде әрдайым басым бағыттардың қатарында.
Ағымдағы жылдың мамыр айында Шымкент қаласының тұрғыны мемлекеттік қызмет көрсету барысында негізсіз бас тарту фактісі бойынша Департаментке өтінішпен жүгінген.
Аталған өтініш негізінде Сайрам ауданы Көлкент ауылдық округі әкімінің аппараты мен Сайрам ауданы Жер қатынастары бөлімінде жоспардан тыс тексеру жүргізілді.
Аталған мемлекеттік көрсетілетін қызмет Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы
1 қазандағы № 301 бұйрығымен бекітілген «Сауда-саттықты (аукциондарды) өткізуді талап етпейтін мемлекет меншігіндегі жер учаскелеріне құқықтарды алу» мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларымен реттеледі (бұдан әрі – Қағида).
Анықталғандай, қызмет алушы 2026 жылғы 13 наурызда
«Е-лицензия» порталы арқылы жеке қосалқы шаруашылық жүргiзуге жер учаскесіне құқық алу үшін (мекенжайы ұсынылған схемаға сәйкес) Аппаратқа өтініш берген.
Қағида талаптарына сәйкес, мұндай өтініштер бойынша бірінші кезеңде жер учаскесінің нысаналы мақсатына сәйкестігі, аумақтық аймақтарға бөлуге сәйкес пайдалану мүмкіндігі анықталып, жер комиссиясының қорытындысы дайындалуы тиіс.
Тексеру барысында, жер комиссиясының отырысын өткізу үшін кворумның болмауына байланысты мәселе қараусыз қалғаны анықталды. Осы себепті жер қатынастары бөлімі өтінішті комиссия қарауына енгізуге мүмкіндік жоқ екенін көрсетіп, Аппаратқа бас тарту жобасын жолдаған.
Нәтижесінде, 2026 жылғы 26 наурыздағы хабарламамен қызмет көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылданған.
Демек, қызмет берушімен қызмет көрсету тәртіптері сақталмай, Қағида талаптары бұзылған.
Осыған орай, Департаментпен тиісті ұсыну енгізіліп, қызмет алушының өтініші Жер комиссиясының қарауына қайта енгізілді.
Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтер саласындағы бақылау тетіктерін жетілдіру, азаматтардың өтініштерін қарау сапасын арттыру және кері байланысты жеделдету мақсатында «Sapaly Qyzmet» telegram-боты мен «Сенім телефоны» арқылы азаматтарға жедел қолдау көрсету жүйесі жұмыс істеуде.
Ержан Нағызханұлы ҚАРЫМСАҚОВ
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы,
Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы