МАҚТААРАЛДА ҚҰРЫЛЫСЫ АЯҚТАЛҒАН БАЛАБАҚША ҒИМАРАТЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

МАҚТААРАЛДА ҚҰРЫЛЫСЫ АЯҚТАЛҒАН БАЛАБАҚША ҒИМАРАТЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
Бүгін Мақтаарал ауданына қарасты Ж.Нұрлыбаев ауылдық округінің Мырзатөбе ауылында «Мақсат-Жанат» бөбекжай балабақшасының жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Ел игілігіне ұсынылған әлеуметтік нысан ауыл тұрғындары үшін маңызды әрі көптен күткен қуанышты оқиға болды.
Салтанатты ашылу рәсіміне ауылдық округ әкімі Нұрмаханбет Сұлтанов, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты. Жиын барысында құрметті қонақтар нысанның лентасын қиып, жаңа балабақшаның ішін аралап көрді. Заманауи талаптарға сай салынған ғимаратта балалардың сапалы тәрбие мен білім алуына барлық жағдай жасалған. Мұнда оқу кабинеттері, ойын бөлмелері және басқа да қажетті инфрақұрылым толық қамтылған.
Жалпы «Мақсат-Жанат» бөбекжай балабақшасы 2012 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда мұнда 70 бала тәрбиеленуде. Жаңа ғимараттың құрылысы 2024 жылы басталып, 2025 жылдың соңында толық аяқталған. Нысан орналасқан жердің жалпы аумағы 25 сотықты құраса, ғимараттың өзі 700 шаршы метрден асады.
Салтанатты жиында ауыл тұрғындары балабақша ғимаратын тұрғынзған кәсіпкер Аллаберген Сәрсенбаевқа ерекше алғыстарын білдірді. Олар жаңа нысанда жасалған қолайлы жағдайларға ризашылықтарын жеткізді.
Іс-шара аясында ұлттық дәстүрге сай ауыл тұрғындарына ас беріліп, құран бағышталды. Сонымен қатар, балабақша тәрбиеленушілерінің қатысуымен «Наурыз – төл мерекеміз» атты мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды. Мерекелік кеш барысында балалар өнер көрсетіп, ұлттық салт-дәстүрлер дәріптелді.
Жиын соңында аудандық білім бөлімінің өкілдерінің қазылығымен «Ана – ән, бала оның қайырмасы» атты байқау өткізілді. Байқау жас ұрпақтың өнерін шыңдап, ата-ана мен бала арасындағы байланысты нығайтуға бағытталды.
Айта кетейік, жаңа балабақшаның ашылуы – өңірдегі білім беру инфрақұрылымын дамыту жолындағы маңызды қадамдардың бірі. Бұл нысан ауыл балаларына сапалы тәрбие мен білім беруге кең мүмкіндік ашып, олардың жарқын болашағына берік негіз қалайды.

(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі