Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов тұрғындармен көшпелі кездесуін Ж.Нұрлыбаев ауылдық округінде жалғастырды.
Кездесу барысында аудан басшысы 2025 жылы аудан бойынша атқарылған ірі жобалар мен жетістіктерді жан-жақты баяндап, 2026 жылға жоспарланған негізгі бағыттар мен маңызды жобаларға тоқталды. Әсіресе, Ж.Нұрлыбаев округінде жүзеге асырылған инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалар ерекше атап өтілді.
2025 жыл округ үшін табысты кезең болды. Округ аумағындағы 6 елді мекеннің барлығы табиғи газға қосылып, 100 пайыз газбен қамтамасыз етілді. Ынталы елді мекенінде мәдениет үйі мен кітапхана нысандары пайдалануға берілді. Ырысты, Өркен, Қарақыр елді мекендерінде фельдшерлік-акушерлік пункттердің (ФАП) құрылысы аяқталып, қызмет көрсетуді бастады. Өркен елді мекенінде абаттандыру жұмыстары жүріп, шағын спорт және ойын алаңшалары салынды. Ынталы елді мекенінің кіреберіс жолына ауыл тұрғындарының қаржыландыруымен арка орнатылды. Сондай-ақ, Ынталы елді мекенінде кәсіпкердің өз есебінен ет өңдеу цехы салынды.
Бұдан бөлек, Ынталыдағы С.Алтынбеков көшесіне және Ырысты елді мекеніндегі Қазақ көшесіне тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Қарақыр және Өркен елді мекендерінде ескірген электр бағаналары ауыстырылды. Ынталы-Ырысты елді мекендерінде үлкен жол бойына 1000 метрге 2000 түп ағаш көшеттері егіліп, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, К-17 және К-15 каналдарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Кездесу барысында аудан әкімі тұрғындардың әлеуметтік мәселелеріне ерекше назар аударып, округтегі өзекті проблемалар мен оларды шешу жолдары туралы нақты түсіндірмелер берді.
Іс-шара соңында ашық микрофон ұйымдастырылып, тұрғындар өз сұрақтарын тікелей аудан басшысына қою мүмкіндігіне ие болды. Әрбір көтерілген мәселе назардан тыс қалмай, нақты жауаптар берілді. Сонымен қатар, жеке мәселелерін айтқысы келген азаматтар үшін жеке қабылдау ұйымдастырылды.