Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, қоғамды одан әрі демократияландыру, елде жүзеге асырылып жатқан реформалар туралы тұрғындарды кеңінен хабардар ету, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың ашықтығы, жауапкершілігі мен есептілігін арттыру мақсатында Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асановтың тұрғындармен жоспарлы кездесулері басталды.
Бүгін аудан басшысы бастаған аудан активі Мақтаарал ауданы аумағындағы Жаңажол ауылдық округі тұрғындарымен көшпелі кездесу өткізді.
Кездесу барысында аудан әкімі Бақыт Насырханұлы 2025 жылы Мақтаарал ауданында атқарылған ауқымды жұмыстарға жан-жақты тоқталып, 2026 жылға жоспарланған негізгі жобалар мен міндеттер туралы кеңінен баяндама жасады. Сонымен қатар, Жаңажол ауылдық округінде жүзеге асырылған инфрақұрылымдық және әлеуметтік бағыттағы маңызды жобаларға ерекше назар аударылды.
Атап айтқанда, өткен жылы Нұрлы жол елді мекенінде 200 орындық жаңа мектеп пайдалануға беріліп, білім беру саласында елеулі жетістікке қол жеткізілді. Сонымен бірге, Арайлы, Жеңіс, Өргебас және Нұрлы жол елді мекендері толықтай табиғи газға қосылып, округ тұрғындары 100 пайыз көгілдір отынмен қамтамасыз етілді.
Инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытында да бірқатар маңызды жұмыстар атқарылуда. Ақжол елді мекенінде ауыз су жүйелерін толық жаңарту мақсатында ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Аталған жоба ағымдағы жылы толық аяқталады деп жоспарланған. Сондай-ақ, Арайлы елді мекенінде де ауыз су жүйелерін қайта құру жұмыстары қолға алынды.
Тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалмады. Фердауси ауылында бір қабатты, әрқайсысы екі пәтерлі 48 әлеуметтік тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған нақты қадамдар жасалды.
Жиын барысында аудан басшысы тұрғындарды толғандыратын әлеуметтік мәселелерге ерекше көңіл бөліп, округтегі өзекті проблемалар мен оларды шешу жолдары туралы нақты түсіндірмелер берді.
Кездесу соңында ашық микрофон ұйымдастырылып, тұрғындар аудан әкіміне өз сұрақтарын тікелей қою мүмкіндігіне ие болды. Әрбір көтерілген мәселе назардан тыс қалмай, Бақыт Асанов тарапынан нақты жауаптар берілді. Сонымен қатар, жеке мәселелерін айтқысы келген азаматтар үшін жеке қабылдау ұйымдастырылды.