«Қазсушар» РМК Түркістан филиалына қарасты Мақтарал өндірістік бөлімшесі тарапынан 23 наурыз – Тазару күніне орай кең көлемде тазалық іс-шарасы ұйымдастырылды.
Аталған шара «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында өткізіліп, қоршаған ортаны қорғау мен табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану мәдениетін қалыптастыруға бағытталды.
Іс-шара барысында «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы ұйымдастырылып, Мақтарал өндірістік бөлімшесіне қарасты "К-18" каналының бойында санитарлық-тазалық және абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, канал арнасы мен оның айналасы тұрмыстық қалдықтардан тазартылып, арық-атыздар ретке келтірілді. Сонымен қатар, аумақты көркейту мақсатында тазалық жұмыстары жүйелі түрде атқарылып, қоршаған ортаның табиғи келбетін сақтау шаралары жүзеге асырылды.
Аталған игі іске өндірістік бөлімше қызметкерлері белсенді түрде қатысып, өз үлестерін қосты. Сонымен қатар, ауыл тұрғындары мен ақсақалдары да шараға қолдау білдіріп, ортақ іске жұмыла атсалысты. Іс-шара барысында ауыл ақсақалы бата беріп, ел амандығын, табиғаттың тазалығын тілеп, игі бастамаларға сәттілік тіледі.
Айта кетейік, бұл акцияның басты мақсаты – су нысандарын таза ұстау, қоршаған ортаны қорғау, тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру және табиғатқа деген жанашырлықты қалыптастыру болып табылады.
Мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын тауып, табиғатты аялау бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізілетін болады.