
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің мемлекеттік инспекторлары Ғалымжан Сапарқұлов пен Мұхтар Төленов, сондай-ақ «Мемлекеттік аннуитеттік компания» өмірді сақтандыру компаниясының облыстық филиалының өкілі Руслан Абдуллаев Мақтаарал ауданына жұмыс сапарымен келіп, мемлекеттік мекемелердің, кәсіпкерлік нысандардың басшыларымен және түрлі сала өкілдерімен кездесу өткізді.
Аудан әкімі аппаратының басшысы Нұржан Атақұловтың төрағалығымен өткен жиынның мақсаты - 2026 жылы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне енгізілетін өзгерістерді түсіндіру және қызметкерлерді еңбек міндеттерін орындау барысында туындауы мүмкін жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру мәселелерін кеңінен талқылау болды.
Жиын барысында мемлекеттік еңбек инспекторы Ғалымжан Сапарқұлов алдағы өзгерістердің негізгі бағыттарына тоқталып, еңбек қатынастарын реттеудегі жаңа талаптар мен нормаларды түсіндірді. Оның айтуынша, енгізілетін түзетулер еңбек қауіпсіздігін күшейтуге, қызметкерлердің құқықтарын қорғауға және жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Кезекті сөзге шыққан спикер Мұхтар Төленов қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандырудың маңыздылығына жан-жақты тоқталып өтті. Ол бұл талаптың тек заңнамалық міндет емес, сонымен қатар әлеуметтік жауапкершіліктің маңызды бөлігі екенін атап өтті.
«Қызметкерлерді уақытылы сақтандыру – еңбек заңнамасын сақтау ғана емес, сонымен қатар олардың құқықтары мен денсаулығын қорғауға бағытталған әлеуметтік жауапкершілік. Аталған сақтандыру түрін уақытылы рәсімдеу еңбек заңнамасының талаптарын орындауға, қызметкерлердің құқықтарын қорғауға және жұмыс берушінің заң алдындағы жауапкершілігін төмендетуге септігін тигізеді», – деді ол.
Ал, «Мемлекеттік аннуитеттік компания» өкілі Руслан Абдуллаев сақтандыру рәсімдерінің тәртібі, оның артықшылықтары мен жұмыс берушілер үшін тиімді тұстары туралы кеңінен ақпарат берді. Сондай-ақ, ол сақтандыру жүйесінің қызметкерлердің әлеуметтік қорғалу деңгейін арттырудағы рөліне ерекше тоқталды.
Кездесу барысында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандар тарапынан нақты әрі толық жауаптар алды. Ашық форматта өткен жиын еңбек қатынастары саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға және түсіндіру жұмыстарын күшейтуге мүмкіндік берді.
(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі