МАҚТААРАЛ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ КЕЗЕКТЕН ТЫС СЕССИЯСЫНДА МАҢЫЗДЫ ШЕШІМДЕР ҚАБЫЛДАНДЫ

МАҚТААРАЛ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ КЕЗЕКТЕН ТЫС СЕССИЯСЫНДА МАҢЫЗДЫ ШЕШІМДЕР ҚАБЫЛДАНДЫ

2026 жылғы 18 наурыз күні «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабына сәйкес Мақтаарал аудандық мәслихатының кезектен тыс сессиясы өтті. Іс-шара аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында ұйымдастырылды.
Сессия жұмысына аудан әкімі Бақыт Асанов, аудандық мәслихат хатшысы Қадір Сәрсекбаев, аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков, сондай-ақ аудандық мәслихат депутаттары, дербес бөлім басшылары, кенттер мен ауылдық округтердің әкімдері қатысты.
Кезектен тыс сессия барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер ететін бірқатар маңызды мәселелер қаралды.
Бірінші мәселе ретінде Мақтаарал аудандық мәслихатының 2025 жылғы 30 желтоқсандағы №36-223-VIII «2026–2028 жылдарға арналған кенттер мен ауылдық округтер бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер енгізу қаралды. Аталған өзгерістер өңірдің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге, жергілікті бюджет қаражатын тиімді жоспарлауға және ауылдық елді мекендердің өзекті мәселелерін шешуге бағытталған.
Екінші мәселе аясында ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен салаларының мамандарын қолдау шаралары талқыланды. Атап айтқанда, 2026 жылы мамандарға көтерме жәрдемақы беру, сондай-ақ тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін бюджеттік кредит қарастыру мәселелері көтерілді. Бұл бастама ауылдық жерлерде кадр тапшылығын азайтуға және білікті мамандарды тартуға мүмкіндік береді.
Үшінші мәселе ретінде Мақтаарал ауданы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның дербес құрамын бекіту қаралды. Комиссияның жаңа құрамы жасөспірімдердің құқықтарын қорғау, құқықбұзушылықтың алдын алу және әлеуметтік қолдау шараларын күшейту бағытында жұмыс атқаратын болады.
Сессия барысында қаралған барлық мәселелер жан-жақты талқыланып, тиісті шешімдер қабылданды.
Мақтаарал аудандық мәслихаты алдағы уақытта да өңірдің тұрақты дамуы мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстарды жалғастыра береді.

(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі