2025 ЖЫЛДЫҢ ЖҰМЫС ҚОРЫТЫНДЫСЫ ЖӘНЕ ӘРПК ТАЛАПТАРЫН ТҮСІНДІРУ ЖӨНІНДЕ ЖИЫН ӨТТІ

2025 ЖЫЛДЫҢ ЖҰМЫС ҚОРЫТЫНДЫСЫ ЖӘНЕ ӘРПК ТАЛАПТАРЫН ТҮСІНДІРУ ЖӨНІНДЕ ЖИЫН ӨТТІ

2026 жылғы 10 ақпанда Мақтаарал ауданы әкімі аппаратының басшысы Нұржан Жақсылықұлы Атақұловтың төрағалығымен мемлекеттік қызметшілер арасында 2025 жылы атқарылған жұмыстар туралы және кең ауқымды құқықтық түсіндіру іс-шарасы өткізілді.
Іс-шара барысында 2025 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижелері (арыз-шағымдар мен мемлекеттік көрсетілетін қызметтер бойынша), сондай-ақ Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі (ӘРПК) талаптарына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар егжей-тегжейлі түсіндірілді.
Жиынға Мақтаарал ауданы әкімі аппаратының қызметкерлері, кенттер мен ауылдық округтер әкімдері аппараттарының қызметкерлері және дербес бөлімдердің мамандары қатысты.
Күн тәртібінде қаралған мәселелер:
1. 2025 жылы келіп түскен өтініштердің сандық және сапалық көрсеткіштері, оларды қараудың заңнамада белгіленген мерзімдерінің сақталуы және рәсімдік талаптардың орындалуы;
2. 2025 жылы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласында атқарылған жұмыстардың қорытындылары, оның ішінде қызмет көрсету стандарттары мен регламенттерінің сақталу деңгейі;
3. 2025 жылы сот органдарында, оның ішінде әкімшілік соттарда қаралған істердің нәтижелері, сондай-ақ ӘРПК-ге енгізілген өзгерістер мен толықтырулар.
Бірінші мәселе бойынша Мақтаарал ауданы әкімі аппаратының жалпы және мемлекеттік құпияларды қорғау бөлімінің бас инспекторы Нұрбол Кұрбанқұлұлы Буранбаев 2025 жылы келіп түскен өтініштерді қарау барысында орын алған кемшіліктердің себептеріне жүргізілген талдау қорытындылары туралы баяндама жасап, оларды болдырмау жолдары жан-жақты талқыланды.
Екінші мәселе бойынша Мақтаарал ауданы әкімі аппаратының ақпараттандыру және мемлекеттік қызмет көрсету мониторингі бөлімінің басшысы Ерлан Әбдібақыұлы Тұрымбетов мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді ұсыну сапасы, оларды қарау мерзімдерінің сақталуы және жауаптардың уақтылы жолдануы туралы баяндады.
Үшінші мәселе бойынша Мақтаарал ауданы әкімі аппаратының заң бөлімінің бас маманы Сырым Бауыржанұлы Үмбетәлі сот органдарында, оның ішінде әкімшілік соттарда қаралған істердің нәтижелері және 2026 жылы ӘРПК-ге енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жөнінде ақпарат берді.
Жиын қорытындысы бойынша қатысушылар тарапынан ұсыныстар мен пікірлері ортаға салынды. Жиын төрағасы Нұржан Жақсылықұлы Атақұлов келіп түсетін өтініштерді, сондай-ақ мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласы бойынша жолданатын өтініштерді ӘРПК талаптарына сәйкес сапалы қарауды, жауаптарды белгіленген мерзімдерде жолдауды және осы бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жетілдіруді тапсырды. Сонымен қатар, кенттер мен ауылдық округтер әкімдері аппараттары мен дербес бөлімдерге өтініштер бойынша қабылданатын әкімшілік актілердің сапасын арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.