ТЕМІР ҚЫРЫҚБАЕВ МАҚТААРАЛДАҒЫ СУ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІМЕН ТАНЫСТЫ

ТЕМІР ҚЫРЫҚБАЕВ МАҚТААРАЛДАҒЫ СУ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІМЕН ТАНЫСТЫ
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Қырықбаев Темір Базарбайұлы Мақтаарал ауданына жасаған жұмыс сапары барысында ауданның су шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді зерделеді.
Жұмыс сапары аясында Мәжіліс депутаты Бірлік ауылдық округіне қарасты Қ.Пернебаев елді мекеніндегі К-18 каналының бойында болып, ИДЖЖЖ-2 жобасы (ирригациялық-дренаждық жүйелерді жетілдіру жобасы) шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.
Кездесу барысында су шаруашылығы нысанының қазіргі техникалық жағдайы, жобаның іске асырылу деңгейі, сондай-ақ құрылыс және пайдалану кезінде анықталған кемшіліктер жан-жақты талқыланды. Әсіресе, ағын суды тиімді пайдалану, су ысырабын азайту, канал инфрақұрылымын жаңғырту және ауыл шаруашылығы алқаптарын тұрақты сумен қамту мәселелері негізгі назарға алынды.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Саттаров, «AMANAT» партиясы Мақтаарал аудандық филиалының төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Мұхтар Сәрсенов, салалық бөлім басшылары, ауылдық округ әкімі, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жиын барысында жергілікті атқарушы органдар мен жауапты мекемелерге жобаны сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтау, анықталған кемшіліктерді жою және су шаруашылығы нысандарының тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берілді. Сонымен қатар, жобадағы түйткілі шешілмеген өзекті мәселелер бойынша тиісті министрлікке сауал жолдайтынын айтты.
Темір Қырықбаев өңір үшін су ресурстарының стратегиялық маңызын атап өтіп, су шаруашылығы жүйесін жетілдіру — ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы мен тұрғындардың әл-ауқатын арттырудың негізгі тетігі екенін жеткізді.