«AMANAT» партиясы Мақтаарал аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Темір Қырықбаев пен Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Қабылдауға сондай-ақ аумақтық мекемелердің басшылары, аудандық дербес бөлім жетекшілері, кенттер мен ауылдық округтердің әкімдері қатысып, тұрғындар тарапынан көтерілген сұрақтарға сала бойынша нақты жауаптар берді.
Қабылдау барысында аудан тұрғындары ағын су тапшылығы, электр желілерінің сапасы, фельдшерлік-акушерлік пункттердің (ФАП) жағдайы, ауылішілік және ауданаралық жолдардың жөнделуі, ауыл шаруашылығына қатысты мәселелер, жер дауы, сондай-ақ әлеуметтік көмек пен жұмыспен қамту бағытындағы түйткілдерді көтерді. Әсіресе, егіншілікпен айналысатын шаруалар ағын су мәселесіне ерекше тоқталып, су жеткізу жүйелерін жаңғырту мен каналдарды тазалау қажеттігін айтты. Электр қуатының жиі өшуі мен желілердің тозуы да тұрғындар тарапынан өзекті мәселе ретінде көтерілді. Сонымен қатар, кейбір елді мекендердегі медициналық пункттердің жетіспеушілігі мен қолданыстағы ФАП-тардың материалдық-техникалық жағдайы сөз болды.
Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев көтерілген мәселелердің бірқатары заңнамалық және республикалық деңгейде шешілуі қажет екенін атап өтіп, тиісті министрліктер мен уәкілетті органдарға депутаттық сауал жолданатынын жеткізді. Ал аудан әкімі Бақыт Асанов жергілікті деңгейде шешілуі мүмкін мәселелердің бақылауға алынатынын, жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар берілетінін айтты.
Қабылдау қорытындысы бойынша барлық өтініштер мен ұсыныстар хаттамаға енгізіліп, әр мәселе бойынша заң аясында тиісті жұмыстар жүргізілетін болды. Тұрғындар мұндай ашық форматтағы қабылдаулар халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып, өзекті мәселелердің шешілуіне оң ықпал ететінін атап өтті.