Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары А.Бектаев, М.Қадырбек және А.Сатыбалдиевтер жұмыс сапарымен Түркістан облысы, Мақтаарал ауданына келді.
Іссапар барысында халық қалаулылары аудан аумағында жүзеге асырылып жатқан бірқатар маңызды инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалардың барысын көзбен көріп, жауапты сала өкілдерімен пікір алмасты.
Ең алдымен сенаторлар Қазақстан–Өзбекстан мемлекеттік шекарасына жақын орналасқан «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығында болды. Мұнда қазіргі таңда ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жоба аясында болашақта 10-ға жуық өндіріс орнын іске қосу жоспарланған. Қазіргі уақытта бірнеше нысанның құрылысы қарқынды түрде жүріп жатыр.
Кездесу барысында депутаттар аталған орталықтың өңір экономикасы үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті. Жобаның іске асуы жаңа жұмыс орындарын ашуға, инвестиция тартуға және шекара маңы саудасын дамытуға мүмкіндік бермек. Сонымен қатар, сенаторлар құрылыс алаңында еңбек етіп жатқан қытайлық және қазақстандық жұмысшылармен сұхбаттасып, еңбек жағдайымен танысты. Құрылыс жұмыстарының сапасы мен қарқынына баға беріп, тиісті ұсыныстарын білдірді.
Одан кейін жұмыс сапары Мақтаарал ауданының елді мекендеріндегі әлеуметтік инфрақұрылым нысандарымен жалғасты. Аудан әкімі Бақыт Асанов сенаторларды Жаңажол ауылдық округіне қарасты Ақжол елді мекеніндегі ауыз су жүйелерін қайта құру жұмыстарымен таныстырды.
Аудан басшысының айтуынша, бүгінгі таңда Мақтаарал ауданындағы елді мекендер 100 пайыз орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Дегенмен, тозығы жеткен ауыз су жүйелері бар 7 елді мекенде қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туындап отыр. Осыған байланысты Бақыт Асанов сенаторлардан келесі жылдың соңына дейін қалған елді мекендердің ауыз су жүйелерін толық жаңарту үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлдіруге қолдау көрсетуді сұрады.
Сапар соңында сенаторлар Мырзакент кентінде жергілікті тұрғындарымен кездесу өткізіп, еліміздегі заңнамалық өзгерістер жайлы кеңінен баяндады. Сонымен қатар, өңірдегі өзекті мәселелерге қатысты тұрғындарды тыңдап, сұрақтарына жауап берді.