2025 жылдың 11 тамызы күні Мақтаарал ауданында Жастар күніне орай кең ауқымды мәдени іс-шара — гала-концерт ұйымдастырылды.
Мырзакент кентінің орталық алаңында өткен мерекелік кештің өтуіне аудандық "Жастар ресурстық орталығы" КММ ұйытқы болды. Кешке жиналған жастар мен тұрғындар үшін бұл күн ерекше көңіл-күй мен әсерге толы болды.
Іс-шараға Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Нұрбол Саттаров арнайы қатысып, еліміздің болашағы саналатын жалынды жастарды мерекемен құттықтады.
"Мемлекетіміз жастардың жан-жақты дамуына айрықша көңіл бөліп келеді. Бүгінде сіздердің білім алуларыңызға, кәсіби және шығармашылық тұрғыда дамуларыңызға, спортпен айналысуларыңызға барлық жағдай жасалған. Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, үлкен армандарға жетулеріңізге тілектеспін. Сіздер – еліміздің ертеңі, Мақтааралдың мақтанышы, ата-бабамыздың аманатын арқалаған жас буынсыздар. Жастардың биік рухы мен табанды еңбегі – мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі. Осы мерекелік күнде баршаңызға мықты денсаулық, сарқылмас шабыт пен жаңа жетістіктер тілеймін!" – деді, Нұрбол Жақсылықұлы өз құттықтауында.
Мерекелік кеш барысында аудан жұртшылығына көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған әсем әндер мен әсерлі қойылымдар ұсынылды. Қазақстан эстрадасының танымал әншілері — Асан Пердешов пен Рүстем Сатенов сахна төріне шығып, өз өнерлерімен көрермендерді тәнті етті. Сондай-ақ, аудандық мәдениет үйінің талантты өнерпаздары да мерекелік кештің көрігін қыздырып, өз өнерлерін паш етті.
Айта кетейік, Мақтаарал – еңбекқор да жігерлі жастары бар аудан. Бүгінде ауданымызда 41 219 жас бар, бұл – жалпы халық санының 31,8%-ын құрайды.
Соңғы бір жылда аудан жастары түрлі салада елеулі жетістіктерге жетті. Атап айтқанда, 45 спортшымыз облыстық, республикалық және халықаралық жарыстарда жүлделі орындарға ие болды, оның ішінде 7-еуі – чемпион атанса, 15 оқушымыз бен студентіміз облыстық және республикалық білім олимпиадалары мен ғылыми жобалар байқауларында биік белестерден көрінді. Сондай-ақ, 12 жас өнерпазымыз республикалық мәдени байқауларда жеңімпаз болып, ауданымыздың атын танытты.