МАҚТААРАЛДА ТҰРҒЫНДАР ТАРАПЫНАН ТҮСКЕН ӨТІНІШТЕР БОЙЫНША МӘЖІЛІС ӨТТІ

МАҚТААРАЛДА ТҰРҒЫНДАР ТАРАПЫНАН ТҮСКЕН ӨТІНІШТЕР БОЙЫНША МӘЖІЛІС ӨТТІ
2025 жылғы 11 тамызда Мақтаарал ауданында аудан әкімі аппаратының басшысы Нұржан Атақұловтың төрағалығымен мәжілісі өтті.
Аудандық дербес бөлімдердің басшылары мен мамандары, кенттер мен ауылдық округтердің әкімдері және мамандары қатысқан жиынның негізгі мақсаты – тұрғындар тарапынан келіп түскен өтініштер мен арыз-шағымдардың орындалу барысын талқылау және оларды сапалы әрі мерзімінде шешуді үйлестіру болды.
Күн тәртібіне сәйкес, аудан әкімінің аппаратына келіп түскен өтініштердің сараптамасы бойынша ауданның әкімшілік және жалпы, мемлекеттік құпияларды қорғау бөлімінің бас инспекторы Нұрбол Боранбаев баяндама жасады.
Ол өз сөзінде 2025 жылдың басынан бері азаматтардан түсіп жатқан өтініштердің саны мен мазмұнына тоқталып, олардың қаралу мерзімі мен орындалу сапасы жөнінде нақты мәліметтер келтірді.
Баяндамада көрсетілгендей, өтініштердің басым бөлігі тұрғын үй, инфрақұрылым, әлеуметтік көмек, құрылыс, денсаулық сақтау, білім, жұмыспен қамту, спорт пен мәдениет, жер қатынастары және ауыл шаруашылығы салаларына байланысты түскен. Бас инспектор өтініштерді қарау барысында орын алып отырған бірқатар кемшіліктерді атап өтіп, оларды жою бойынша ұсыныстарын жеткізді.
Мәжіліс барысында Нұржан Атақұлов жауапты басшылар мен мамандарға әр өтінішке дер кезінде әрі сапалы жауап беру, бюрократиялық кедергілерге жол бермеу, сондай-ақ тұрғындармен тиімді кері байланыс орнату жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді. Ол мемлекеттік органдардың басты міндеті – халық сенімін ақтау және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау екенін баса айтты. Сонымен қатар, аппарат басшысы өтініштерді қабылдау мен қарау барысында «Ашық әкімдік» қағидатын сақтау қажеттігіне назар аударды. Бұл – билік пен халық арасындағы сенімді нығайтудың басты құралы екені атап өтілді.
Аппарат мәжілісінің қорытындысы бойынша бірқатар нақты шешімдер қабылданып, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берілді. Алдағы уақытта өтініштерді қарау тәртібін жетілдіру және халықпен жұмыс сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жалғасын табатын болады.

(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі