Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында «Заң мен тәртіп» қағидасын кеңінен насихаттай отырып, азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін арттырып, қаржылық пирамидалар мен алаяқтық схемаларға қарсы иммунитет қалыптастыруды тапсырған. Аталған тапсырмаға сәйкес 2025 жылғы 25 маусымда Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігінің бастамасымен еліміздің барлық өңірлерінде «21 ғасырдың қаржылық триггерлері» атты республикалық форум өткізу жоспарланған.
Осы тапсырма аясында бүгін Мақтаарал ауданы әкімінің аппаратының үлкен мәжіліс залында (Мырзакент кенті, С.Жаштаев көшесі, №96) «21 ғасырдың қаржылық триггерлері» атты республикалық форумның аудандық деңгейдегі іс-шара жиыны облыс әкімдігімен құрылған арнайы мобильді топ өкілдерінің қатысуында өткізілді.
Іс-шараның мақсаты - қаржы саласындағы қауіптер мен қазіргі заманда жиі кездесетін қаржылық пирамидалар, заңсыз инвестициялық жобалар, дроптар және олардың салдары туралы кең көлемде ақпарат беру арқылы азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, қаржылық және интернет алаяқтың алдын алу, сондай-ақ халық пен мемлекеттік органдар арасындағы кері байланысты орнату.
Іс-шараға облыстық мобильді топ құрамынан Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілі Бидайбек Дулат Қайратұлы, Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілі Қаратай Олжас Әсілбекұлы, Мақтаарал ауданы прокурорының орынбасары Романов Даурен Қайратұлы, Түркістан облысының нотариаттық округінің нотариусы Абдрахманов Тулбаси Нурлыханович, аумақтық құқық қорғау органдарының қызметкерлері, кенттер мен ауылдық округі әкімдері, дербес бөлім басшылары, аумақтық мекеме басшылары, аудан тұрғындары мен жастары, қоғам белсенділері және БАҚ өкілдері қатысты.
Күн тәртібіне сәйкес, Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы Зұлпан Айдос Үсенұлы, Мақтаарал агроколледжінің құқықтану пәні бойынша оқытушысы Әуелбекова Гүлжан және аудан жастарының белсенді өкілі Ният Нұргелді Еркебұланұлы құқық бұзушылықтың алдын алу, жастардың құқықтық санасын қалыптастыру және құқықтық мәдениетін арттыру мәселелері бойынша мазмұнды баяндамалар жасап, мобильді топ мүшелерімен – мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтық ақпаратқа қолжетімділігін кеңейту, сондай-ақ халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында кешенді құқықтық түсіндірмелер беріп қорытындылады.
Жиын барысында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауаптар беріліп, қоғамда заң үстемдігін және құқықтық тәртіпті нығайтуға бағытталған жүйелі алдын алу іс-шараларының маңыздылығы атап өтілді.
Жиын соңында мобильді топ мүшелері жергілікті тұрғындармен тығыз өзара іс-қимыл орнатып, қоғамдық қабылдаулар ұйымдастырды. Қабылдаулар барысында азаматтардың өзекті әлеуметтік-құқықтық сипаттағы мәселелері тыңдалып, оларды шешудің заңды әрі тиімді тетіктері бойынша жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Тұрғындарға құқықтық көмек көрсету арқылы олардың уәжді сұрақтарына нақты жауаптар беріліп, құқықтық ақпаратқа қолжетімділік қамтамасыз етілді. Бұл өз кезегінде халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін арттыруға және құқықтық мәдениетті нығайтуға ықпал етті.
Бұл бастама алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.