Өткен аптаның соңында Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Серік Тұрсынқұловтың төрағалығымен аудан әкімдігінің жанындағы халық денсаулығын қорғау жөніндегі үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті.
Аталған кеңес отырысына аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының, ветеринариялық қызметтің, медициналық мекемелердің, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының, сондай-ақ басқа да тиісті мемлекеттік мекемелердің басшылары мен мамандары, кенттер мен ауылдық округтердің әкімдері қатысты.
Жиын барысында халық денсаулығына тікелей әсер ететін өзекті мәселелер қаралып, күн тәртібіне сәйкес төрт негізгі бағыт бойынша баяндамалар тыңдалды.
Алғашқы мәселе ретінде аса қауіпті жұқпалы ауру – құтырудың алдын алу және аудандағы эпидемиологиялық жағдай қаралды. Бұл туралы аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Мұхит Әшірепиев баяндама жасап, жыл басынан аталған аурудың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар, аудандық ветеринариялық қызмет басшысы Омархан Нұрашов та өз кезегінде үй жануарларын, әсіресе ит пен мысықты дер кезінде тіркеп, вакцинациялау қажеттігін баса айтты. Ауылдық округтерде жануарларға арналған жоспарлы екпелердің орындалу барысы да сөз болды.
Келесі кезекте аудан аумағындағы ауруханалар мен емханалардың санитарлық жағдайы мен техникалық жабдықталуы қарастырылды. Бұл бағытта «Мырзакент» аудандық ауруханасының бас дәрігері Мұхан Тұрсынханов және «Атакент» аудандық ауруханасының бас дәрігері Алибек Жүзенов баяндама жасап, қазіргі таңда аталған мекемелерде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары, медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету деңгейі және кадрлық жағдайлар туралы ақпарат берді. Кеңес мүшелері тарапынан мекемелерде санитарлық нормалар мен өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуына ерекше назар аудару қажеттігі айтылды.
Үшінші мәселе – аудандағы сібір жарасы (антракс) ауруының эпидемиологиялық ахуалы. Бұл туралы ветеринарлық және санитарлық қызмет мамандары бірлесіп баяндап, өткен жылдармен салыстырғандағы көрсеткіштерге талдау жасады. Жиын барысында аталған ауруға байланысты қауіпті аймақтар мен ауылдық округтерде халық арасында түсіндіру жұмыстарын арттыру қажеттілігі айтылды. Сондай-ақ, мал қорымдарының жай-күйі, биологиялық қауіпсіздік талаптарының сақталуы назарға алынды.
Соңғы мәселе ретінде тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарының санитарлық-техникалық жағдайы қаралды. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ғабит Полатов бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар, полигондардың қазіргі жағдайы, тұрмыстық қалдықтарды жинау, тасымалдау және жою жүйелері туралы баяндады. Кеңес мүшелері экологиялық қауіпсіздік мәселесін көтеріп, заң талаптарына сәйкес келмейтін полигондарды қайта қарау жөнінде ұсыныстар айтты.
Жиын барысында баяндамашыларға нақты сұрақтар қойылып, жауаптар алынды. Қорытынды сөз алған кеңес төрағасы Серік Тұрсынқұлов барлық айтылған мәселелер бойынша тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, олардың орындалу мерзімі мен бақылау тәртібін белгіледі. Кеңес отырысының шешімдері хаттамаға енгізіліп, алдағы уақытта оның орындалуы қатаң бақылауда болатыны атап өтілді.