2025 жылғы 23 маусым күні Мақтаарал ауданында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 1 сәуірдегі №200 қаулысымен бекітілген «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025–2030 жылдарға арналған тұжырымдаманы» іске асыру шеңберінде іс-шара өткізілді.
Аталған жиынның негізгі мақсаты – тұжырымдамада белгіленген басым бағыттарды аудан көлемінде жүйелі және тиімді іске асыруды үйлестіру, сондай-ақ азаматтардың құқықтық санасын арттыру, заң үстемдігін қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті нығайту бойынша мемлекеттік саясаттың нақты тетіктерін түсіндіру болды.
Кеңеске аудан әкімі аппаратының басшысы Нұржан Жақсылықұлы төрағалық етті. Жиын жұмысына аудан әкімінің аппаратына қарасты құрылымдық бөлімшелердің басшылары, жауапты мамандар және мүдделі ұйым өкілдері қатысты.
Жоғарыда аталған тұжырымдаманың аудан аумағында сапалы орындалуын қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіппен, қауіпсіз ортаны қалыптастыру мақсатында, ауданымызда бірлескен апталық іс-шара жоспары бекітілген.
Тұжырымдаманың негізгі бағыттары – құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заң талаптарын мүлтіксіз сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту тетіктері жан-жақты түсіндірілді.
Іс-шара аясында «Заң мен тәртіп» ұлттық бастамасының аудан көлеміндегі ресми ашылуы жарияланды.
Жалпы алғанда, тұжырымдаманы іске асыруға бағытталған бұл кеңес құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Іс-шара соңында қатысушыларға тұжырымдама аясында бекітілген апталық жоспардың мазмұны мен нақты орындау тетіктері таныстырылды. Бұл іс шара аудан аумағында құқықтық тәртіп пен қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған жүйелі іс-қимылдардың негізі ретінде қабылданды.