ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ЖҮЙРІКТЕРІ АҚТЫҚ КЕЗЕҢГЕ ЖОЛДАМА АЛДЫ
Астана қаласында өткен республикалық командалық айтыстың жартылай финалында Түркістан облысының айтыскер ақындары мен жыршы-термешілерінен құралған командасы Ақтөбе облысын жеңіп, ақтық кезеңге жолдама алды.
Қатысушылардың мәлімдеуінше жартылай финал тартысты өткен. «Ерлік – елдік дастаны» тақырыбын арқау еткен аламанда айтыстың арыстаны, «Алтын домбыра» иегері Бекарыс Шойбеков бастаған өңіріміздің мықтылары жеңіске жетіп, ел мерейін арттырды.
Былтыр наурыз айында бастау алған жоба Түркі әлемінің мәдени астанасы Ақтау қаласында қорытындыланбақ. Түркістандықтарды финалдағы өнер додасында Қарағанды облысының жүйріктері қарсылас болмақ.
Айта кетейік,ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің және «AMANAT» партиясының қолдауымен өтіп жатқан сайысты әр өңірдің әкімдігі мен Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық одағы бірлесіп ұйымдастырып келеді.
Түркістан облысы мәдениет басқармасының баспасөз қызметі