«СӨЗ ӨНЕРІНДЕГІ ӨЛКЕТАНУ»: ЖАС АҚЫНДАРМЕН КЕЗДЕСУ КЕШІ ӨТТІ
Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен №15 М. Жұмабаев атындағы мектеп-гимназиясында ерекше форматтағы кездесу кеші өтті. Шара 23 сәуір – Ұлттық кітап күніне орай өткізілетін апталық аясында «Сөз өнеріндегі өлкетану» тақырыбында ұйымдастырылды.
Кештің басты қонақтары – жас ақын, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің тілшісі, «Галактикадағы ғұмыр» кітабының авторы Бауыржан Ерман және ұстаз, ақын, «Құдай жайлы ойланатын қала» кітабының авторларының бірі Арқалық Әмәлият болды.
Ашық сұхбат форматында өткен кездесуде оқушылар мен ұстаздар ақындардың шығармашылығымен етене танысып, көкейлеріндегі сауалдарын қойды. Кеш барысында қозғалған маңызды сұрақтардың бірі – «Сіздерге өлең жазуға не шабыт береді?» деген сауал ақындардың шығармашылық табиғатына терең бойлауға мүмкіндік берді. Ақындар табиғаттан, халықтың мұңынан, махаббат пен сағыныштан шабыт алатындарын жеткізді.
Шара барысында «Сізде үлгі тұтатын адам бар ма?» деген сауал төңірегінде ақындар өздерінің әдебиеттегі ұстаздары мен ықпал еткен тұлғалар жайлы әсерлі естеліктерімен бөлісті. «Өлең жазғанда бірінші ой туа ма, әлде сезім бе?» деген сұраққа әр ақын өзіндік стиль мен ерекшеліктерге сүйене отырып жауап берді. Ал «Әлеуметтік желі – қазіргі ақын үшін мүмкіндік пе, қауіп пе?» тақырыбында қазіргі әдебиеттің цифрлық кеңістіктегі дамуы жайлы қызу пікірталас өрбіді.
Кешке қатысқан оқушылар мен мұғалімдер де белсенділік танытып, ақындармен еркін сұхбат құрды. Шығармашылық жол, өмірлік ұстаным, жазу машығы, оқырманмен байланыс орнату сияқты тақырыптарда шынайы әрі мазмұнды әңгіме өрбіді.
Түркістан облысы мәдениет басқармасының баспасөз қызметі