«Түркістан мақамдары»

«Түркістан мақамдары»

Түркістан облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 29-30 маусым күні мекеме жоспарына сәйкес облыс орталығында «Түркістан мақамдары» оқу-әдістемелік семинарын өткізді. Екі күнге жоспарланған шараға елімізге танымал музыка зерттеушілері, дәстүрлі музыка өкілдері мен облысқа қарасты аудан-қалалардағы мәдениет ошақтарының мамандары, зиялы қауым мен БАҚ өкілдері қатысты.

ХІХ ғасырда ұлан-байтақ қазақ даласының әр қиыр, әр бұрышынан дербес өзгешеліктері бар авторлардың ақындық мектебі қалыптасты. Мәселен, Батыс Қазақстанда – Махамбет, Мұрат, Шернияз есімдері, Орталық Қазақстанда – Шортанбай, Дулат, Шөже, Жетісуда – Сүйінбай мен Жамбыл т.б. болса Оңтүстік өңірде – Майлықожа, Нұралы және Молда Мұса секілді жазба ақындарын атап өткен жөн. Олар елді бірлік пен ынтымаққа, жастарды білім мен еңбекке, адамды ақыл мен парасатқа, имандылыққа шақырған. Термеші мен күйшілерге арналған шараның басты мақсаты оңтүстіктің дәстүрлі орындау мектебін (терме, күй) өскелең ұрпаққа дәріптеп, тәжірибе алмасу, облыс көлемінде өңірлік музыка мектебінің үйірмелерін ашу болып саналады.

Алғашқы күні «Ұлы дала елі» орталығында семинардың ашылу салтанатында«Нұр Отан» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев сөз сөйлеп,  шараның маңыздылығына кеңінен тоқталды. Сондай-ақ, осы шараға арнайы келген қонақтарға алғысын білдірді. Мұнан соң сөз алған Түркістан облыстық мәдениет басқармасның басшысы Әзімхан Қойлыбаев шараның негізгі мақсатын түсіндіріп берді. Ал спикерлер өз ойын ортаға салып, ұсыныстарын білдірді. Бұдан соң терме және күй өнері бағыты бойынша қатысушылар екі топқа бөлініп, іс-шара шеберлік сағаттарына жалғасты.

Ал екінші күні қатысушылар үшін мән-мағынаға толы болды. Шеберлік сағаттарынан соң орталық директоры Мейіржан Нұрғалиұлы екі бағытта дәріс алған қатысушыларға бұдан әрі үлкен жүк артылғанын тілге тиек етті. Осы саланың ауыртпашылығын көтеріп, ұлттық өнерді насихаттап жүрген семинар қонақтары да Түркістан өңірінің өнері жайлы кеңінен толғанып, өнерпаздарға өз тәжірибесімен бөлісті. Осылайша салтанатты шара қорытындыланып, барлық қатысушыға арнайы сертификат табысталды.

Семинар қонақтары мен спикерлер:

         Рысқали Ерлан Рысқалиұлы  – ҚР  Еңбек сіңірген қайраткері, Арқа әншілік мектебінің жалғастырушы өкілі;

         Шалдыбеков Ерболат Заманбекұлы – ҚР Мәдениет қайраткері, Жетісу өңірі әншілік мектебінің өкілі;

Қосанова Айгүл Шоданқызы – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Батыс Қазақстан өңірі әншілік мектебінің өкілі;

Жүзбай Жанғали Әлімханұлы – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Арқа, Қаратау күйлерін насихаттаушы;

Алмас Алматов - ҚР Еңбек сіңірген  қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, профессор, жырау, фольклор зерттеушісі;

Досай Кенжетай - мәдениеттанушы, теология және философия ғылымдарының докторы, профессор;

Омаров Жәкен Қызбекұлы - Майлықожа танушы, ақын, сазгер, термеші;

Серікбаев Әлімжан Рысбекұлы - ҚР Мәдениет саласының үздігі, Шымкент қаласы Саз колледжінің «Дәстүрлі ән» бөлімінің меңгерушісі;

Бекмұрат Анарбаев – ақын;

Сыпатаев Жақып Сынабайұлы - ҚР Мәдениет саласының үздігі, термеші;

Дәуренбеков Ерлан Нұрғалиұлы – ҚР Мәдениет саласының үздігі, Ш.Қалдаяқов атындағы «Сүгір» ұлт аспаптар оркестрінің бас дирижері;

Көлбай Гүлнұр Советханқызы - Шымкент қаласы Қаратау өнер мектебінің ұстазы, ҚР Мәдениет саласының үздігі;

Айдаров Әбдіғаппар Әбубәкірұлы –  ақын, сазгер, термеші.