ҰЛТТЫҚ ДОМБЫРА КҮНІНДЕ ТҮРКІСТАНДА «КҮЙ ҚҰДІРЕТІ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУЫ ӨТІП, ДӘУЛЕСКЕР КҮЙШІЛЕР ТЫНДАРМАН РУХЫН ОЯТТЫ

ҰЛТТЫҚ ДОМБЫРА КҮНІНДЕ ТҮРКІСТАНДА «КҮЙ ҚҰДІРЕТІ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУЫ ӨТІП, ДӘУЛЕСКЕР КҮЙШІЛЕР ТЫНДАРМАН РУХЫН ОЯТТЫ
Ұлттық домбыра күніне орай Түркістан қаласындағы «Керуен-сарай» туристік кешенінде республикалық «Күй құдіреті» күйшілер байқауының финалдық кезеңі өтті. Қазақтың қасиетті қара домбырасы ұлықталған тағылымды кешке еліміздің әр өңірінен белгілі күйшілер, өнер майталмандары жиналды. Ұлттық өнердің мерейін асқақтатқан мәдени іс-шараға Түркістан облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, жұртшылықты Ұлттық домбыра күнімен құттықтады.
 
Түркістан төрінде қазақтың қасиетті қара домбырасы ұлықталып, күй өнерінің құдіреті кеңінен насихатталды. Сахнада Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның «Сүгір» атындағы ұлт аспаптар оркестрі, Қазақстанның халық әртісі Айгүл Үлкенбаева, күйші-композитор Ғаламат Бейсеқожа және күйші Шыңғыс Исаев өнер көрсетіп, көрерменнің рухын көтерді. Сонымен бірге Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның шығармашылық ұжымы өнер көрсетті.
 
Кештің шарықтау шегі – республикалық «Күй құдіреті» күйшілер байқауының финалдық кезеңі болды. Еліміздің әр өңірінен келген дарынды күйшілер қазақтың күйшілік дәстүрін жоғары деңгейде дәріптеп, өзара бақ сынады.
 
• Бас жүлде – Іңкәр Күзембай (Алматы қаласы);
 
• І орын – Нұрәли Саятұлы (Алматы қаласы);
 
• ІІ орын – Бекнұр Әбдіжәлил (Астана қаласы), Жантілек Жұмагелдиев (Атырау облысы);
 
• ІІІ орын – Асылбек Джорабеков (Атырау облысы), Оңғар Дәулет (Шымкент қаласы), Тұрсын Арсен (Алматы қаласы),
Дінмұхаммед Сұлтан (Түркістан облысы).
 
Сонымен қатар, Төлеген Момбеков және Сүгір Әліұлы атындағы арнайы жүлделердің иегерлері мен дипломанттар анықталып, барлық қатысушыларға дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды.
 
Ұлттық домбыра күні аясында өткен республикалық байқау күй өнерінің мерейін үстем етіп қана қоймай, Түркістанның қазақтың төл мұрасы мен руханиятын тоғыстырған маңызды орталық екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
 
Түркістан облысы мәдениет басқармасының баспасөз қызметі