
4 маусым - ҚР Мемлекеттік рәміздер күніне орай Рәміздер алаңында «Рәміздер рухы - Конституцияның күші» атты салтанатты Мемлекеттік ту көтеру рәсімі өтті.
Салтанатты рәсім ҚР Мемлекеттік Гимнінің орындалуымен басталып, көк Ту көкке көтерілді. Жиынға облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлы қатысып, тұрғындарды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, ел бірлігі мен тәуелсіздіктің басты нышандары саналатын рәміздердің маңызына тоқталды.
Мерекелік шараға зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, жастар және қала тұрғындары қатысты. Іс-шара барысында өнерпаздар патриоттық рухтағы әндерді орындап, көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Мемлекеттік рәміздер - Тәуелсіз Қазақстанның айбыны мен абыройын айшықтайтын қасиетті құндылықтар. Елдігіміздің еңсесін биіктетіп, отансүйгіштік рухты нығайтатын мереке жоғары деңгейде аталып өтті.
Түркістан облысы мәдениет басқармасының баспасөз қызметі